Мазмұнға өту

Ехоба куәгері болу үшін не істеуім керек?

Ехоба куәгері болу үшін не істеуім керек?

Ехоба куәгері болғысы келетін адам Иса пайғамбар айтқан қадамдарды жасауы қажет. Бұл қадамдар Матай 28:19, 20-да жазылған. Осы тармақтардан көрінетіндей, адам Мәсіхтің ізбасары болуы керек. Ал бұл дегеніміз Ехоба жайлы айтып, ол туралы куәлік беруді білдіреді.

1-қадам: Киелі кітап ілімдерін біліңіз. Иса ізбасарларына “шәкірттер дайындап, оларды... үйретіңдер” деген тапсырма берген болатын (Матай 28:19, 20). “Шәкірт” деген сөз “оқушы”, “үйренуші” дегенді білдіреді. Ендеше, оқып-үйренуге қажетті Иса пайғамбардың тәлімдерін Киелі кітаптан таба аласыз. Ондағы мәлімет сізге мәнді де мағыналы өмір сүруге үйретеді (Тімөтеге 2-хат 3:16, 17). Осы орайда біз сізге Киелі кітап ілімдерін білуге қуана көмектесе аламыз. Бұл үшін тегін Киелі кітап зерттеу сабағын ұсынамыз (Матай 10:7, 8; Салоникалықтарға 1-хат 2:13).

2-қадам: Алған біліміңізді іс жүзінде қолданыңыз. Иса пайғамбар айтқандай, шәкірт болғысы келетін адамдар ол “бұйырғандардың бәрін ұстанулары” қажет (Матай 28:20). Демек, Киелі кітапты жай ғана білім алу мақсатымен зерттемей, ойымыз бен жүріс-тұрысымызда елеулі өзгерістер жасауға да талпынуымыз керек (Елшілердің істері 10:42; Ефестіктерге 4:22—29; Еврейлерге 10:24, 25). Иса пайғамбардың өсиеттерін орындап жүрген адамдар уақыт өте келе өмірлерін Ехоба Құдайға бағыштап, Иса пайғамбардың ізімен жүруді өз еркімен ұйғарып жатады (Матай 16:24).

3-қадам: Шомылдыру рәсімінен өтіңіз (Матай 28:19). Киелі кітапта шомылдыру рәсімі жерлеуге теңеледі (Римдіктерге 6:2—4 салыстырыңыз). Бұл бұрынғы өмір салты үшін өлудің әрі жаңаша өмір сүрудің бейнесі болып табылады. Сонымен, шомылдыру рәсімінен өткен кезде сіз Иса пайғамбар айтқан алғашқы екі қадамды жасағаныңызды ел алдында паш етесіз әрі Құдайдан таза ар-ұждан сұрайсыз (Еврейлерге 9:14; Петірдің 1-хаты 3:21).

Шомылдыру рәсімінен өтуге дайын екенімді қалай біле аламын?

Қауым ақсақалдарына жолығыңыз. Олар сізбен сөйлесіп, алып жатқан біліміңізді түсінгеніңізге, оларды өмірде қолданып жатқаныңызға және өз еркіңізбен Құдайға бағышталғаныңызға көз жеткізеді (Елшілердің істері 20:28; Петірдің 1-хаты 5:1—3).

Бұл қадамдарды Куәгерлер отбасында туып-өскен балалар да жасауы керек пе?

Иә. Біз балаларымызды “Ехоба айтқандай тәрбиелеп, оның ақыл-кеңесін беріп өсіреміз” (Ефестіктерге 6:4). Алайда олар өсе келе шомылдыру рәсімінен өтуге лайық болу үшін, Киелі кітапты оқып-білуді, ілімдерін қабылдап, өмірде қолдануды өздері шешуі керек (Римдіктерге 12:2). Сайып келгенде, ғибадат етуге қатысты шешімді әрбір адам өзі қабылдауға тиіс (Римдіктерге 14:12; Ғалаттықтарға 6:5).