Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН

Балаңыз сәтсіздікке мойымасын десеңіз

Балаңыз сәтсіздікке мойымасын десеңіз

 Балалар ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір сәтсіздікке ұшырап, мұңайып жатады. Сондайда ата-аналары қалай көмектессе болады?

 Нені білген жөн?

 Сәттілік пен сәтсіздік өмірде қатар жүреді. Киелі жазбаларда: “Бәріміз де көп сүрінеміз”,— делінген (Жақып 3:2). Бұл балаларға да қатысты. Десе де сәтсіздікке ұшыраудың бала үшін бір пайдалы жағы бар: ол қиыншылыққа мойымауды үйренеді. Мойымастық туа бітетін қасиет емес, дегенмен балалар мұны бойларында дамыта алады. Лаура есімді бір әйел былай деп тәжірибесімен бөлісті: “Күйеуім екеуміз балаға сәтсіздікті дұрыс қабылдауды үйрету керектігін түсіндік. Ол сәтсіздікті көтеруді үйренгені дұрыс, сонда ойлағаны болмай шыққан жағдайларда мойымайтын болады”.

 Балалардың көбісі сәтсіздікті еңсеруді білмейді. Себебі кейбір ата-ана баласы қателік жасап қойса, оған істегенін мойнымен көтеруді үйретпейді. Мысалы, ол сабақтан нашар баға алып келсе, ата-анасы бұған мұғалімді кінәлайды. Немесе бала досымен ренжісіп қалса, оны емес, бірден досын кінәлайды.

 Шынымен-ақ, егер ата-ана баласын кез келген қателігінің салдарынан қорғай беретін болса, онда бала өз ісі үшін жауап беруді қалай үйренеді?

 Не істеген жөн?

  •   Балаға істеген ісінің салдары болатынын түсіндіріңіз.

     “Адам не ексе, соны орады”,— дейді Құдай Сөзі (Ғалаттықтарға 6:7).

     Әр істің әкелетін нәтижесі бар. Қателіктің салдары бар. Бір нәрсені бүлдірсек, оны түзетуіміз керек. Бала жасаған іс-әрекетінің жақсы не жаман нәтижесі болатынын түсінгені, қандай да бір шамада жауапкершілік сезінгені жөн. Сондықтан балаңыздың орнына басқа адамды кінәлаудан аулақ болыңыз немесе оны ақтауға асықпаңыз. Ол істеген әрекетінің салдарын жасына лайық шамада тартып көрсін. Әрине, бала не үшін бұлай болып жатқанын, яғни жаман қылығы неге әкеп соққанын анық түсінуі тиіс.

  •   Балаға жағдайды түзетуге көмектесіңіз.

     Киелі жазбаларда: “Әділ жан жеті рет құласа да, қайтып тұрар”,— делінген (Нақыл сөздер 24:16).

     Сәтсіздік жанға ауыр тиетіні рас, бірақ мұнымен өмір тоқтап қалмайды. Балаңыздың мұңға батып, “бұл — әділетсіздік!” деп күйінгеніне қол қусырып қарап отырғанша, болған жағдайдан шығудың жолын табуға көмектесіңіз. Мысалы, ұлыңыз мектепте бақылау жұмысынан нашар баға алса, жағдайды қалай түзетуге болатынын көрсетіңіз. Сабақты жақсырақ оқып, келесі жолы жақсы баға алуға ынталандырыңыз (Нақыл сөздер 20:4). Егер қызыңыз құрбысымен ренжісіп қалса, онымен сөйлесіп, кімнің кінәлі екеніне қарамастан, құрбысымен бірінші болып татуласуға көмектесіңіз (Римдіктерге 12:18; Тімөтеге 2-хат 2:24).

  •   Балаңызды қарапайым болуға баулыңыз.

     Киелі жазбаларда: “Әрбіріңе мынаны айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар”,— деген кеңес бар (Римдіктерге 12:3).

     Балаға “саған жетер ешкім жоқ” деп айту шындыққа жанаспайды әрі олай айтудың пайдасы да жоқ. Шындығына келсек, үздік деген оқушының өзі әрдайым жақсы баға ала бермейді. Ал спортқа қабілеті бар бала әрдайым жеңіске жете бермейді. Егер бала өзі туралы жоғары ойламай, қарапайым болса, сәтсіздікті әлдеқайда жақсы көтереді.

     Киелі жазбаларда қиыншылықтардың бізді шыңдайтыны және табанды ететіні айтылған (Жақып 1:2—4). Сәтсіздіктер көңілді түсіретіні рас, десе де балаңызды сәтсіздікке дұрыс қарауға үйрете аласыз.

     Баланы қандай да бір іске баулу үшін қанша уақыт пен күш кетсе, оны мойымастыққа үйрету үшін де сонша күш кетеді. Дегенмен оның кейін жасөспірім шаққа аяқ басып, сол кезеңді өткере алғанын көргенде, еңбегіңіз текке кетпегенін түсінесіз. “Проблемалармен күресуді үйренген жасөспірімдер қиын жағдайларда ақымақтыққа не қауіпті іске бара қоймайды. Олар жаңа әрі күтпеген жағдайларда өздерін қалай ұстауды біледі”,— деп жазылған жасөспірімдерді тәрбиелеу жайлы бір кітапта (“Letting Go With Love and Confidence”). Әрине, жасөспірім жаста дамытқан мойымастықтың ересек өмірде де пайдасы мол.

 Кеңес: Балаңызға үлгі көрсетіңіз. Есіңізде болсын, өмірдегі сәтсіздіктермен сіздің қалай күресетініңіз балаңызға да өз қиындықтарымен күресуге үлкен көмек болады.