Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН

Махаббат алауы сөнбесін

Махаббат алауы сөнбесін

 Кейбір ерлі-зайыптылардың жылдар өткен сайын бір-біріне сезім білдіруі сирей түседі. Осындай жағдай сіздің де некеңізде орын алып жатса, бұған бейжай қарау керек пе?

 Мұны білген жөн

 Махаббат — берік некенің арқауы. Ас-су тәнге қуат беріп, саулығын нығайтатыны сияқты, махаббат сезімін үнемі білдіріп отыру некені нығайтып, баянды етеді. Ондаған жылдар өтсе де, ерлі-зайыптылар бір-біріне терең сүйіспеншілігін білдіріп, бір-бірін аялап, қамқорлап отыруы тиіс.

 Шынайы махаббат өзімшіл емес. Мұндай махаббат иесі қасындағы адамының бақытын ойлайды. Ол сезімдерін тулай қалған сәтте ғана білдірмейді. Шын сүйетін адам өз жарына нәзік сезімдерді қай кезде көрсету қажет екенін түсінеді, әрі сол қажеттілігін қанағаттандыруға талпынады.

 Ерлерге қарағанда әйел заты махаббатқа көбірек мұқтаж. Күйеуі өзінің қосағын қатты жақсы көріп, бірақ оған деген сезімін тек күннің басында не аяғында, я болмаса жыныстық қатынастың алдында ғана білдіретін болса, әйелі оның шын сүйетініне шүбәланып қалуы мүмкін. Сол себептен махаббат сезімін күн сайын жиі-жиі білдіріп отырған дұрыс.

 Сіз не істей аласыз?

 Махаббатыңызды сөзбен білдіріңіз. “Мен сені жақсы көремін”, “Сен мен үшін қымбатсың” деген қарапайым сөздердің өзі жан жарыңыздың жүрегін елжіретіп жіберуі мүмкін.

 Киелі кітап қағидасы: “Адамның жүрегі неге толы болса, аузы соны айтар” (Матай 12:34).

 Кеңес. Жылы сөздерді ауызбен айтып қана қоймай, жазып та жүріңіз. Мысалы, хаттар не хабарламалар арқылы.

 Махаббатыңызды іспен көрсетіңіз. Құшақтау, сүю не жай ғана қолынан ұстау “Мен сені жақсы көремін” деген сөздеріңіздің шын жүректен шығып жүргенін көрсетеді. Жылы жанармен қарау, сипап қою, ара-тұра сыйлық жасау арқылы да махаббатыңызды білдірсеңіз болады. Әйеліңіздің сөмкелерін көтерісіңіз, есік ашып беріңіз, ыдыс-аяқ жуу, кір жуу, тамақ пісіру сияқты істерде де қолғабыс етіңіз. Көп әйелдер үшін мұның бәрі — жай ғана көмек емес, махаббаттың көрінісі!

 Киелі кітап қағидасы: “Бір-бірімізді сөз жүзінде не ауызбен ғана емес, іс жүзінде әрі шын жүректен сүйейік” (Жоханның 1-хаты 3:18).

 Кеңес. Кездесіп жүрген кезде жарыңызды қалай аялаған болсаңыз, қазір де дәл солай етіңіз.

 Жарыңызға уақыт бөліңіз. Оңаша қалып, жұбайыңызға уақыт бөлгеніңіз некелеріңізді берік етеді. Осылай етсеңіз, жарыңызбен бірге болу сізге ұнайтынын көрсетесіз. Әрине, балаларыңыз болса немесе шешу керек мәселелер көп болса, бір-біріңізге жеке көңіл бөлу қиын болатын шығар. Ондай жағдайда қандай да бір қарапайым нәрселерді тек жарыңызбен ғана істеуді, мысалы бірге серуендеп тұруды, жоспарлап көріңіз.

 Киелі кітап қағидасы: “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер” (Філіпіліктерге 1:10).

 Кеңес. Жұмыстары бастан асып жатқан кейбір ерлі-зайыптылар жүйелі түрде бір кешті не бір демалысты бір-біріне арнап, бірге уақыт өткізуді шешіп жатады.

 Жұбайыңыздың нені қалайтынын біліп алыңыз. Әр адамның махаббатқа деген қажеттілігі әртүрлі. Жұбайыңызбен сөйлесіп, сезімдеріңізді қалай білдіргеніңізді қалайтынын және тағы қандай қалаулары бар екенін сұрап көріңіз. Сосын соларды орындауға барынша тырысыңыз. Махаббат берік некенің арқауы екенін ұмытпаңыз.

 Киелі кітап қағидасы: “Сүйіспеншілік... өзімшіл емес” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5).

 Кеңес. Жұбайыңыздан көп нәрсе талап ете бермей, былай деп ойланып көріңіз: “Жұбайым маған махаббатын көбірек білдіру үшін өз тарапымнан не істей аламын?”