Мазмұнға өту

Ораза ұстау туралы Киелі кітапта не делінген?

Ораза ұстау туралы Киелі кітапта не делінген?

Киелі кітаптың жауабы

 Ежелгі заманда дұрыс ниетпен ораза ұстаған адамдар Құдайдың мақұлдауына ие болған. Ал дұрыс емес ниетпен ораза ұстағандар Құдайдың ықыласынан айырылған. Алайда бүгінде Киелі кітап ораза ұстауды талап етпейді, тыйым да салмайды.

Киелі кітапқа сай, адамдар оразаны қандай жағдайларда ұстаған?

  •   Құдайдан көмек пен басшылық сұрағанда. Иерусалим қаласына баратын адамдар ораза ұстап, Құдайдан шын жүректен көмек сұрағысы келетіндерін көрсеткен (Езра 8:21—23). Пауыл мен Барнаба деген кісілер кейде қауым ақсақалдарын тағайындағанда ораза ұстаған (Елшілердің істері 14:23).

  •   Құдайдың тапсырған қызметі туралы ойланып-толғанғанда. Иса пайғамбар шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, Құдайдың тапсырған қызметіне өзін дайындау үшін 40 күн ораза ұстаған (Лұқа 4:1, 2).

  •   Жасаған күнәсі үшін өкінгенде. Жолдан тайған халқына Құдай Жоел деген пайғамбары арқылы былай деген: “Шын жүректен маған қайтыңдар... Ораза ұстап, жылап, зар еңіреңдер” (Жоел 2:12—15).

  •   Күнәні өтейтін күн мейрамын атап өткенде. Құдай берген Мұса Заңына сай, Исраил халқы жыл сайын Күнәні өтейтін күні ораза ұстауға тиіс болған a (Мұсаның 3-жазбасы 16:29—31). Бұл күні ораза ұстау өте орынды болатын. Өйткені халық өздерінің күнәкар және Құдайдың кешіріміне зәру екендерін еске алатын.

Адамдар қандай бұрыс ниетпен ораза ұстауы мүмкін?

  •   Жұрттың көзіне түсу үшін. Иса пайғамбар ораза ұстау адам мен Құдайдың арасындағы жеке мәселе екенін айтқан (Матай 6:16—18).

  •   Өзін әділ етіп көрсету үшін. Ораза ұстайтын адам басқаларға қарағанда рухани не әділ болып кетпейді (Лұқа 18:9—14).

  •   Әдейі жасаған күнәсін өтеуге тырысады (Ишая 58:3, 4). Киелі кітаптан көргеніміздей, Құдай тек өзіне мойынсұнатын және жасаған күнәлары үшін шын жүректен өкінетін адамдардың ғана оразасын қабыл алған.

  •   Діни жоралғыны орындау үшін (Ишая 58:5—7). Осындай жағдайда Құдайды өздерін шын жүректен емес, жай міндет болғандықтан ғана жақсы көретін балаларына көңілі толмаған ата-анаға теңеуге болады.

Мәсіхшілерден ораза ұстау талап етіле ме?

 Жоқ. Құдай Исраил халқынан Күнәні өтейтін күні ораза ұстауды талап еткен. Бірақ Иса пайғамбар өкінген адамдардың күнәларын түгелімен өтегеннен кейін, Құдай бұл мейрамды алып тастады (Еврейлерге 9:24—26; Петірдің 1-хаты 3:18). Бүгінде мәсіхшілер Күнәні өтейтін күнді қоса алғанда, Мұса Заңын ұстанбайды (Римдіктерге 10:4; Қолостықтарға 2:13, 14). Сондықтан әр мәсіхші ораза ұстау-ұстамауды өзі шеше алады (Римдіктерге 14:1—4).

 Мәсіхшілер ораза ұстау ғибадаттың басты бөлігі емес екенін түсінеді. Киелі кітапқа сай, ораза ұстау мен қуаныштың еш байланысы жоқ. Ал шынайы мәсіхшілер қуанышпен ғибадат ететіндерімен ерекшеленеді. Осылай олар “бақытты Құдай” Ехобаға еліктейді (Тімөтеге 1-хат 1:11; Уағыздаушы 3:12, 13; Ғалаттықтарға 5:22).

Киелі кітаптағы ораза ұстаумен байланысты сөздерге қатысты қате пікірлер

 Қате пікір: Елші Пауыл мәсіхші ерлі-зайыптыларға ораза ұстауға кеңес берген (Қорынттықтарға 1-хат 7:5, “Таурат аудармасы”).

 Шындық: Киелі кітаптың көне қолжазбаларында Қорынттықтарға 1-хат 7:5-те ораза туралы айтылмайды b. Киелі кітап көшірмешілері ораза ұстау деген тіркесті тек бұл тармаққа ғана емес, сонымен қатар Матай 17:21-ге, Марқа 9:29 және Елшілердің істері 10:30-ға да енгізген көрінеді. Соңғы Киелі кітап аудармаларының көбісінде ораза ұстауға қатысты мұндай жалған тіркестер алынып тасталған.

 Қате пікір: Мәсіхшілер Исаның шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін шөл далада 40 күн ораза ұстағанын еске алу үшін ораза ұстаулары керек.

 Шындық: Иса бұлай ораза ұстауды бұйырмаған, әрі шәкірттерінің де солай еткені Киелі жазбалардың еш жерінде айтылмаған c.

 Қате пікір: Мәсіхшілер Исаның өлімін еске алған кезде ораза ұстау керек.

 Шындық: Иса шәкірттеріне өлімін еске алған кезде ораза ұстау керек деп бұйырмаған (Лұқа 22:14—18). Иса өзі өлгеннен кейін шәкірттері ораза ұстайтынын айтқанда, бұл бұйрық емес еді. Ол жай ғана не болатынын айтқысы келген (Матай 9:15). Киелі кітапта Исаның өлімін еске алмас бұрын, қарны аш мәсіхшілерге үйден тамақ ішіп келуге қатысты нұсқау берілген (Қорынттықтарға 1-хат 11:33, 34).

a Құдай исраилдіктерге Күнәні өтейтін күні “күнәлары үшін қайғыруды” немесе “жандарын қинауды” айтқан (Мұсаның 3-жазбасы 16:29, 31, “Король Яковтың аудармасы”). Бұл сөздер оразаға қатысты айтылған деуге болады (Ишая 58:3). Киелі кітаптың басқа бір аудармасында бұл сөздер былай деп аударылған: “Еш нәр татпай, күнәларыңа өкінетіндеріңді көрсетіңдер” (“Contemporary English Version”).

b Брюс Мецгер жазған еңбектің үшінші баспасын қараңыз (“A Textual Commentary on the Greek New Testament”, 554-бет).

c 40 күндік Ұлы ораза ұстаудың қалай бастау алғанына қатысты бір діни энциклопедияда былай делінген: “Біздің заманымыздың алғашқы үш ғасырында Пасха мейрамына дайындалу үшін ораза ұстауға ең көп дегенде бір апта кеткен. Көп адамдар жиі бір-екі күнмен шектелген... 40 күндік уақыт туралы алғаш рет Никей соборының 5-канонында (325 жыл) айтылған. Бірақ кейбір ғалымдар онда Ұлы ораза туралы айтылғанына күмәнданады” (“New Catholic Encyclopedia”, 2-баспа, 8-том, 468-бет).