Мазмұнға өту

Тәурат деген не?

Тәурат деген не?

Киелі кітаптың жауабы

 “Тәурат” сөзі еврейдің тора́ деген сөзінен шыққан. Ол жиі “тәлім”, “өсиет” және “заң” деп аударылады a (Нақыл сөздер 1:8; 3:1; 28:4). Бұл еврей сөзінің Киелі кітапта қалай қолданыс табатынын келесі мысалдардан көреміз.

  •   Тора́ деп көбінесе Киелі кітаптың алғашқы бес кітабы аталады. Олар: “Жаратылыстың бастауы”, “Мысырдан көшіп шығу”, “Леуіліктер”, “Руларды санау” және “Заңды қайталау”. Бұл кітаптар жиынтығы грек тілінде “Бес кітап” дегенді білдіретін атаумен де танымал. Тәуратты Мұса пайғамбар жазғандықтан, ол “Мұса Заңы жазылған кітап” деп аталады (Ешуа 8:31; Нехемия 8:1). Алғашында бұл кітап толық бір жазбаны құраса керек. Кейін қолдану жеңіл болу үшін бес кітапқа бөлінді.

  •   Тора́ сөзі сондай-ақ Исраил халқына берілген заңдарды білдіреді. Мысалы, “күнә үшін әкелінетін құрбандыққа қатысты заң [тора́]”, “алапеске қатысты заң” және “назир болған адамға қатысты заң” (Мұсаның 3-жазбасы 6:25; 14:57; Мұсаның 4-жазбасы 6:13).

  •   Тора́ кейде ата-ананың, қандай да бір дана адамның, я болмаса Құдайдың берген өсиеті мен тәліміне де нұсқайды (Нақыл сөздер 1:8; 3:1; 13:14; Ишая 2:3).

Тәуратта не жазылған?

  •   Тәуратта адам баласы жаратылғаннан бастап Мұса пайғамбардың өліміне дейінгі адамзат тарихы жазылған (Мұсаның 1-жазбасы 1:27, 28; Мұсаның 5-жазбасы 34:5).

  •   Тәуратта Мұса пайғамбарға берілген Заң бар (Мұсаның 2-жазбасы 24:3). Бұл Заң 600-ден астам нұсқаулардан тұрады. Солардың арасында яһудилердің нанымының көрсеткіші болып табылатын “Шма” деген дұға ерекше орынға ие. Шманың бір үзіндісінде: “Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен және бар күш-қуатыңмен сүй”,— делінген (Мұсаның 5-жазбасы 6:4—9). Иса пайғамбар да “бірінші әрі ең басты заң — осы” екенін айтқан (Матай 22:36—38).

  •   Тәуратта Құдайдың Ехоба деген есімі шамамен 1800 рет кездеседі. Онда Құдайдың есімін атауға тыйым салынбайды, керісінше, оны есімімен атау талап етіледі (Мұсаның 4-жазбасы 6:22—27; Мұсаның 5-жазбасы 6:13; 10:8; 21:5).

Тәурат туралы қате пікірлер

 Қате пікір: Тәураттағы заңдар ешқашан күшін жоғалтпайды.

 Шындық: Тәураттағы демалыс күніне, діни қызметке және күнәні өтейтін күнге қатысты нұсқаулар Киелі кітаптың кейбір аудармаларында мәңгілік нұсқаулар деп аталады (Мұсаның 2-жазбасы 31:16; 40:15; Мұсаның 3-жазбасы 16:33, 34). Алайда бұл тармақтардағы мәңгілік деп аударылған еврей сөзі тура мағынадағы мәңгілікті емес, ұзақ уақытқа созылған болашақты білдіреді b. Мұса пайғамбар арқылы берілген Заң 900 жылдай өз күшінде болған. Бірақ Құдай оның орнына “жаңа келісім” жасасатынын айтқан (Еремия 31:31—33). Осылайша “[Құдай] “жаңа келісім” деуімен бұрынғы келісімнің ескіргенін көрсетті” (Еврейлерге 8:7—13). Бұл жаңа келісім 2000 жыл бұрын Иса Мәсіх қайтыс болғаннан кейін өз күшіне енді (Ефестіктерге 2:15).

 Қате пікір: Яһудилердің ауызша заңдары мен Талмұдтың деңгейі Тәураттан кем түспейді.

 Шындық: Тәуратты толықтыру үшін Құдай Мұса пайғамбарға ауызша заңдар бергеніне қатысты Киелі кітапта ешқандай айғақ жоқ. Қайта, онда Ехобаның Мұсаға: “Осы сөздерді жазып қой”,— дегені айтылған (Мұсаның 2-жазбасы 34:27). Ауызша заңдар кейін қағаз бетіне түсіріліп, “Мишна” деп аталып кетті. Кейінірек ол парызшылдар шығарған әдет-ғұрыптармен толықтырылып, “Талмұд” деп аталатын болды. Бұл әдет-ғұрыптар жиі Тәуратқа қайшы келетін. Сол себептен де Иса пайғамбар парызшылдарға: “Өз дәстүрлеріңе бола Құдай сөзінің қадірін түсіресіңдер”,— деген (Матай 15:1—9).

 Қате пікір: Тәуратты әйелдерге үйретуге болмайды.

 Шындық: Мұса Заңында бүкіл Исраил халқына, оның ішінде әйелдер мен балаларға, Заң түгелдей оқылу керектігіне қатысты нұсқау бар. Бұл не үшін қажет еді? “Осы Заңды тыңдап, Ехоба Құдайларынан қорқуды және сонда айтылғандарды ұқыптылықпен орындауды үйрену” үшін қажет болды (Мұсаның 5-жазбасы 31:10—12) c.

 Қате пікір: Тәуратта жасырын хабар бар.

 Шындық: Тәуратты жазған Мұса пайғамбар ондағы мәліметтің құпия емес, қайта анық әрі кім-кім үшін де қолжетімді екенін айтқан (Мұсаның 5-жазбасы 30:11—14). Тәуратта жасырын хабар бар деген ұғым Каббалаға, яғни дәстүрлі яһудилік мистикаға негізделген. Онда Жазбаларды түсіндіру үшін “шебер қиюластырылған” әдістер қолданылады d (Петірдің 2-хаты 1:16).

a “Краткая еврейская энциклопедия”, 8-том, 1002-бет.

b “Theological Wordbook of the Old Testament”, 2-том, 672, 673-бет.

c Тәураттың өзіне қайшы келсе де, яһудилердің дәстүрлері әйелдерге Тәуратты оқуға жиі тыйым салатын. Мысалы, Мишнада Элиэзер Бен Гиркан деген раввиннің мынадай сөздері келтірілген: “Кімде-кім қызына Тәуратты үйретсе, бұл қызын азғын жолға салғанмен тең” (Сота 3:4). Ал иерусалимдік Талмұдта ол: “Тәуратты әйелге үйреткенше, оны өртеп жіберген артық”,— деген (Сота 3:19а).

d “Иудей энциклопедиясына” сай, Тәурат туралы Каббалада былай делінген: “Тәурат мәтінінің өзіндік ешқандай мәні жоқ. Сондықтан ондағы мәліметті әртүрлі жолдармен, әртүрлі әдіспен түсіндіре беруге болады” (“Encyclopaedia Judaica”, 2-басылым, 11-том, 659-бет).