Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ақылды әйел ар-ұжданын тыңдайды

ҚҰДАЙ СӨЗІНЕ ҮҢІЛЕЙІК

Түсік жасату

Түсік жасату

Жыл сайын жарық дүниені көрмеген 50 миллионнан астам баланың өмірі қиылады. Бұл көптеген елдің халық санынан асып түседі.

Бұл жекебас мәселесі ме, әлде адамгершілік мәселесі ме?

АДАМДАРДЫҢ ОЙ-ПІКІРІ

 

Әйелдер түрлі себеппен түсік жасатады. Бұған тұрмыс жағдайының нашар болуы, қарым-қатынастағы кикілжің, оқуын не жұмысын жалғастыру үшін еркін-жүріп тұруды қалау, жалғызбасты ана болғысы келмеу және тағы басқа жайттар кіреді. Алайда түсік жасатуды қылмыс көретіндер де бар. Олар мұндай әрекетке барған әйелдерді аналық парызына немкетті қарады деп санайды.

КИЕЛІ КІТАП НАҚЫЛЫ

 

Құдай адамның өмірін қасиетті деп қарастырады (Мұсаның 1-жазбасы 9:6; Зәбүр 36:9). Ол үшін тіпті құрсақтағы баланың өмірі бағалы. Құдай ана құрсағын ұрықтың дамып жетілуіне жайлы болатындай етіп жаратқан. Киелі кітап жазушыларының бірі былай деген: “Ана құрсағында мені қалқаладың. Тіпті ұрық күйімді көздерің көрді, оның бірде-бір бөлігі әлі пайда болмай тұрып, қалыптасатын күндері сенің кітабыңда жазылып қойылған еді” (Зәбүр 139:13, 16).

Құдайдың әлі дүние есігін ашпаған нәрестенің өміріне қалай қарайтыны ежелгі Исраил халқына берген Мұса Заңынан және оның адам баласына дарытқан ар-ұжданынан да көрінеді. Аталмыш Заңға сай, жүкті әйелді ұрып жіберіп, құрсағындағы баласын өлтіріп қойған адам өлім жазасына кесілу керек еді. Осылайша қылмыскер өз қолынан қаза болған адамның жаны үшін өз жанын беру керек-тін (Мұсаның 2-жазбасы 21:22, 23). Әрине, мұндайда төрелік еткен билер сол жағдай мен адамның ниетін ескеретін (Мұсаның 4-жазбасы 35:22—24, 31).

Әрбіріміздің Құдай дарытқан ар-ұжданымыз бар. Әйел өзінің ішкі кеңесшісі болып табылатын ар-ұжданының үніне құлақ асып, құрсағындағы шаранасының өмірін қастерлесе, оның көңілі де тыныш болады *. Ал егер ол ар-ұжданының үнін тұншықтырса, жаны жай таппай, тіпті өзін кінәлі сезінуі мүмкін (Римдіктерге 2:14, 15). Шынымен де, зерттеулер көрсеткендей, түсік жасатқан әйелдердің сарыуайымға салынуы және жан күйзелісіне ұшырауы ғажап емес.

Бала асырау қиын болып көрінсе ше? Әсіресе жүктілік жоспарланбаған болса, қорқыныш пайда болуы мүмкін. Киелі кітапта Құдайдың өз заңдарын берік ұстанатындарға ерекше қарайтыны жазылған. “Сен адал адамға адалдық танытасың, мінсіз жанның мінсіздігіне қарай әрекет қыласың”,— деп жырлаған бір зәбүр жыршысы (Зәбүр 18:25). Сондай-ақ онда: “Ехоба әділдікті сүйеді, адал қызметшілерін ешқашан тастамайды”,— делінген (Зәбүр 37:28).

“Олардың ар-ұждандары өздерімен бірге куәлік етеді, әрі ойша олар өздерін айыптайды не ақтайды” (Римдіктерге 2:15).

Түсік жасатқан болсаңыз

АДАМДАРДЫҢ ОЙ-ПІКІРІ

 

Рут * есімді жалғыз басты ана былай дейді: “Менің үш балам бар. Төртіншісін асырауға шамам жетпес еді. Бірақ түсік жасатқаннан кейін, өзімді бір сорақы іс жасағандай сезіндім”. Бұл әйел Құдай кешірмейтін қателік жасады ма?

КИЕЛІ КІТАП НАҚЫЛЫ

 

Кезінде Иса пайғамбар: “Мен әділдерді емес, күнәкарларды өкінуге шақыру үшін келдім”,— деп Құдайдың көзқарасымен үндесетін сөздерді айтқан (Лұқа 5:32). Осыған сай, қателік жасағанымыз үшін қатты қынжылып, өкінсек және Құдайдан кешірім сұрасақ, күнәміз қаншалықты ауыр болса да, ол бізді даярлықпен кешіреді (Ишая 1:18). Киелі жазбаларда: “Жаралы, күйзелген жүрекке, уа, Құдайым, сен теріс қарамайсың”,— деп жазылған (Зәбүр 51:17).

Жасаған ісіне өкініп, кішірейіп дұға еткен жанға Жаратушы Құдайымыз таза ар-ұжданмен қатар жантыныштығын сыйлайды. “Барлық өтініштеріңді дұға етіп, жалбарынып, ризашылықпен Құдайға білдіріңдер. Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректерің мен ой-саналарыңды... сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7) *. Киелі кітаптан білім алып, Құдайға ішіндегісін ақтарып дұға еткеннен кейін, Руттың көңілі орнықты. Ол Құдайдың “күнәларымызды толықтай кешіретінін” түсінген еді (Зәбүр 130:4).

(Құдай) бізді күнәларымызға қарап жазаламайды, есемізді де заңсыздығымызға сай қайтармайды” (Зәбүр 103:10).

^ 10-абзац Ананың я баланың денсаулығына қауіп төнуі мүмкін деп түсік жасатқан дұрыс емес. Ал егер босанарда баланың я ананың өмірін аман алып қалу қажет болса, жұбайларға шешім қабылдау керек болады. Дей тұрғанмен медицина жетістіктерінің арқасында көптеген дамыған елдерде мұндай келеңсіз жағдайлар сирек болады.

^ 15-абзац Есімі өзгертілген.

^ 18-абзац Сондай-ақ қайта тірілуге деген үміт те адамға жантыныштығын бере алады. Туылмай жатып өліп кеткен сәбилердің қайта тірілу мүмкіндігіне қатысты Киелі кітапта не делінгенін білу үшін 2009 жылдың 15 сәуір айындағы “Күзет мұнарасында” жарық көрген “Оқырман сауалдары” айдарын қараңыз.