Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Нұрлы үміт сыйлайтын білім

Нұрлы үміт сыйлайтын білім

Құдай Тағала жақында жер бетінде керемет өзгерістер жасаймын дейді. Ол қайғы-қасіретті түптамырымен жояды. Сонда адамдар жер бетінде рақаттанып өмір кешеді (Зәбүр 37:11). Оның осы уәдесіне неге сенуге болады? Өйткені “Құдай — өтірік айтатын пенде емес” (Мұсаның 4-жазбасы 23:19). Алда бізді қандай өзгерістер күтіп тұрғанын бір шолып өтейік.

Құдай жаман адамдарды жояды

“Зұлымдар шөптей қаулайды, Күнәкарлар өркендейді, Ақырында олар мәңгіге құриды” (ЗӘБҮР 92:7).

Алдыңғы мақаладан білгеніміздей, қазір жер бетін зұлымдық пен жамандық жайлап барады. Бірақ біз бұған таңғалмаймыз, себебі Киелі жазбаларда “соңғы күндері” адамдардың мінезі қатты бұзылып кететіні айтылған (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). “Соңғы күндер” дегеніміз — Құдайдан безгендердің дәурені бітетін кез. Сонда Құдай теріс жолдан қайтпай қойғандарды жойып, ал оның жолын ұстанатын жақсы адамдарды аман алып қалады. Оның Сөзінде: “Әділдер жерді мұра етеді, Онда мәңгі бақи өмір сүреді”,— деп жазылған (Зәбүр 37:29).

Құдай Шайтанды жояды

“Тыныштық сыйлайтын Құдай... Шайтанды жаныштайды” (РИМДІКТЕРГЕ 16:20).

Құдай жақында Шайтанды, жын-перілерді және зұлым адамдардың бәрін жояды. Содан кейін жер бетінде көптен аңсаған тыныш та бейбіт өмір орнайды. Жаратушымыз: “Ешкім де сендерді қорқытпайды”,— деп уәде етеді (Миха 4:4).

Құдай ауру мен өлімді жоқ қылады

“Құдайдың тұрағы адамдар арасында... Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды” (АЯН 21:3, 4).

Құдай жақын арада қайғы-азапты, ауру-сырқауды толығымен жояды. Сонда Шайтанның, Адам ата мен Хауа ананың және бойымыздағы күнәнің тигізген бүкіл зардабынан құтыламыз. Бұл — “өлім де болмайды” деген сөз. Жаратқанды жақсы көретін, оны тыңдайтын адамдар мәңгі ғұмыр кешеді. Сонда олар қай жерде өмір сүреді?

Жаратушымыз жер бетін жұмаққа айналдырады

“Шөл мен құла түз шаттыққа кенеледі, Шөл дала қуанып, бәйшешектей жайнайды” (ИШАЯ 35:1).

Жамандық атаулы келмеске кеткен соң, Жер бесігіміз құлпырған жұмаққа айналады. Әсем саябақтар мен бау-бақшалар көздің жауын алады. Жер аста-төк мол өнім береді (Зәбүр 72:16). Мұхиттар, көлдер мен өзендер тазарып, су асты құжынаған жәндіктерге толады. “Қоршаған ортаның ластануы” деген ұғым сөздік қорымыздан біржола кетеді! Сол кезде адамдар өз қолымен салған үйлерде тұрады. Үйсіз-күйсіз, аш-жалаңаш жүретіндер болмайды (Ишая 65:21, 22).

Құдай марқұмдарға қайта өмір сыйлайды

Өлгендер тіріледі (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 24:15).

Өмірден өткен қымбат адамдарыңызбен қайта қауышқыңыз келе ме? Құдіреті шексіз Жаратушымыз жұмақ орнаған жерде өмір сүру үшін оларды қайта тірілтеді. Сіз оларды, олар сізді жазбай танитын болады. Сол кезде көзден қуаныш жасы төгіледі! Бұның бәрін ертегі деп ойламаңыз. Себебі Киелі жазбаларда Иса пайғамбар қайтыс болған адамдарды тірілткені жайлы жазылған. Олардың арасында үлкендер де, балалар да болған. Бұл кереметке көп адам куә болған еді (Лұқа 8:49—56; Жохан 11:11—14, 38—44).