Мазмұнға өту

Отбасы бақытының сыры

Ата-енемен жақсы қарым-қатынаста болу

Ата-енемен жақсы қарым-қатынаста болу

Джейн *: Райеннің анасы мені жақтырмайтынын бетіме былш еткізіп айта салатын. Менің ата-анам да Райенге солай істейтін. Мен бұрын-соңды олардың біреуге осылай дөрекілік танытқанын көрген емеспін. Сол себепті ата-анамызбен кездесетінімізді ойлай бастағанан бойымызды үрей билейтін.

Райен: Менің анам ешкім өз балаларына тең бола алмайды деп ойлайтын. Сол себепті алғашқы күннен-ақ Джейнді жақтырмады. Джейннің ата-анасы да мені үнемі жерден алып, жерге салатын. Ең қиыны осындай жағдайдан кейін Джейн екеуміз өз ата-анамызды жақтаймыз деп, керісіп қалатынбыз.

КОМЕДИЯЛАРДА ата-ене мен жастардың арасындағы кикілжіңді күлкі етіп көрсетеді. Алайда өмірде бұл күлетін нәрсе емес. Үндістанда тұратын Рена былай дейді: “Жылдар бойы қайын енем арамызға түсумен болды. Ол кісіге ештеңе істей алмағандықтан, бар ашуымды күйеуімнен алатынмын. Ол үнемі не жақсы күйеу боларын, не жақсы ұл боларын білмей дал болатын”.

Неге ата-енелер үй-жай болған балаларының өміріне араласады? Жоғарыда аты аталған Джейн осының бір себебін айтады. “Оларға өздерінен жас және тәжірибесі аз әлдекімнің ұлын не қызын қамқорлыққа алатынымен келісу қиын болуы мүмкін”,— дейді ол. Ренаның күйеуі Дилап тағы бір себебіне тоқталады. “Балалары үшін құрбандыққа барып, бағып-қаққан ата-аналар енді керексіз болып қаламыз ба деп қорқуы мүмкін,— дейді ол.— Сондай-ақ ұлы не қызының некені бақытты етуге ақылы жетпейді деп уайымдауы ықтимал”.

Бір айта кетерлік жайт: ата-енелер барлық уақытта бірдей балаларының некесіне өздігінен араласа бермейді. Мысалы, Австралияда тұратын Майкл және Леан деген ерлі-зайыптылардың жағдайын қарастырып көрейік. Майкл былай дейді: “Леан бір-бірімен барлық нәрселерді ашық бөлісе беретін отбасында өскен. Сөйтіп, біз үйленген соң да ол әкесінен екеуіміз ғана шешуіміз керек жайттарға қатысты кеңес сұрайтын болды. Оның әкесі өте дана кісі екенін білемін, бірақ менімен ойласудың орнына, әкесімен ақылдасқаны жаныма бататын”.

Әрине, ата-енемен арадағы келіспеушілік некеге кері әсер етуі мүмкін. Сіздің некеңізде де сондай жағдай орын алған ба? Жұбайыңыз екеуіңіздің ата-енелеріңізбен қарым-қатынастарыңыз қандай? Қазір туындауы мүмкін екі қиындықты және мұндай кезде не істеу керектігін қарастырып көрейік.

БІРІНШІ ҚИЫНДЫҚ:

Жұбайыңыз ата-анасына тым жақын сияқты. “Әйелімнің ойынша, ата-анасына жақын тұрмаса, оларға сатқындық жасағаны болады,— дейді Испанияда тұратын Луис.— Балалы болғанымызда менің ата-анам немерелерін көру үшін күнде дерлік келіп тұрды. Ал бұл әйеліме ұнамағандықтан, арамызда біраз келіспеушіліктер туындады”.

Мәселе:

Киелі кітапта үйленген ер адамның ‘әке-шешесін тастап, әйеліне қосылатыны, сөйтіп екеуі біртұтас болатыны’ айтылған (Жаратылыс 2:24). “Біртұтас болу” тек бірге тұруды білдірмейді. Шын мәнінде, бұл олардың жаңа шаңырақ көтергендерін және бұдан былай бірінші кезекте өз отбасыларын ойлау керектігін білдіреді (Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Әрине, жұбайлар әлі де ата-аналарына көңіл бөліп, оларға құрмет көрсетулері керек (Ефестіктерге 6:2). Егер жұбайыңыз сізден гөрі, ата-анасына тым көп көңіл бөлетіндей болып көрінсе, не істеуге болады?

Шешу жолы:

Жағдайға дұрыс баға беріңіз. Жұбайыңыз, расында да, ата-анасына тым жақын ба, жоқ әлде сіз өз ата-анаңызбен мұндай қарым-қатынаста болмағандықтан осылай ойлайсыз ба? Егер солай болса, туып өскен ортаңыз жағдайға деген көзқарасыңызға әсер еткен болуы мүмкін бе? Бойыңызда қандай да бір қызғаныш жоқ па? (Нақыл сөздер 14:30; Қорынттықтарға 1-хат 13:4; Ғалаттықтарға 5:26).

Бұл сұрақтарға жауап беру үшін өзімізді шыншылдықпен тексеруге тура келеді. Дегенмен солай еткеніңіз өте маңызды. Ата-енеңізге деген көзқарастарыңыз араларыңызда қиындықтар тудыра беретін болса, шын мәнінде, проблема ата-енелеріңізде емес, өздеріңізде.

Некедегі көптеген қиыншылықтар ерлі-зайыптылардың ойлары бір жерден шықпағандықтан туындап жатады. Жағдайға жұбайыңыздың көзімен қарап көріңізші (Філіпіліктерге 2:4; 4:5). Мексикада тұратын Адриан есімді отағасы осылай істеп көрді. “Менің әйелім нашар отбасында туып өскен,— дейді ол.— Сондықтан ата-енеммен жақын араласуды жөн көрмейтінмін. Біраз жыл бойы тіпті мүлдем араласпай қойдым. Әйелім отбасымен, әсіресе анасымен, жақын араласқысы келетіндіктен, бұл арамызда келіспеушіліктің туындауына себеп болды”.

Уақыт өте келе Адриан бұл мәселеге қатысты байсалды көзқарас таныта бастады. “Ата-анасымен тым тығыз араласқаны әйеліме кері әсер еткенімен, мүлдем араласпай қойғаны да қиындық тудыратынын түсіндім,— дейді ол.— Сөйтіп, мүмкіндігінше ата-енеммен қарым-қатынасымды қалыпқа келтіруге тырыстым *”.

БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Жұбайыңыз екеуіңіз қағаз бетіне ата-енелеріңізге қатысты қандай жайт әсіресе мазалайтынын жазыңыздар. Мүмкін болса, “мен былай деп ойлаймын...” деп бастаңыздар. Сонан соң қағаздарыңызды алмастырыңыздар. Сөйтіп, бірлесе отырып, өздеріңізді мазалайтын мәселені шешудің жолдарын қарастырыңыздар.

ЕКІНШІ ҚИЫНДЫҚ:

Ата-енеңіз сұрамасаңыз да кеңес беріп, отбасыңызға араласа береді. Қазақстанда тұратын Неля былай дейді: “Алғашқы жеті жылда күйеуімнің отбасымен бірге тұрдық. Балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді және менің қалай тамақ істеп, үй жинайтынымды жақтырмай, ата-енем ұрыс шығаратын. Күйеуім мен қайын енеме осы жайттар жайлы айтып та көрдім, бірақ мұның арты одан да үлкен дау-дамайға айналды”.

Мәселе:

Шаңырақ көтеріп, отау тіккен соң, сіз ата-анаңызға бағынышты емессіз. Бұдан былай Киелі кітапта айтылғандай “әрбір еркектің басы — Мәсіх, әйелдің басы — күйеуі” болады (Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Десе де, алдында айтылып кеткендей, жұбайлардың екеуі де ата-аналарын құрметтеу керек. Нақыл сөздер 23:22-де: “Тыңда өзіңді дүниеге келтірген әкеңді, менсінбей жүрме қартайды деп шешеңді”,— делінген. Алайда сіздің не жұбайыңыздың ата-анасы өмірлеріңізге тым араласа берсе ше?

Шешу жолы:

Ата-енеңізге жанашырлықпен қарап, неге олай ететіндерін түсінуге тырысыңыз. “Кей жағдайларда ата-аналар балаларының өмірінде әлі де маңызды рөл атқаратындарын сезінуді қажет етеді. Олар сіздерді ренжітейін деп әдейі араларыңызға түспеуі мүмкін және мұндай мәселе “өзара төзімді болыңдар, егер қайсыбіреуіңе реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар” деген Киелі кітаптың кеңесін ұстану арқылы шешілуі мүмкін (Қолостықтарға 3:13). Алайда ата-енеңіздің араласа беруінің себебінен жұбайыңыз екеуіңіз ұрысып қала берсеңіздер ше?

Кейбір ерлі-зайыптылар ата-аналарымен қаншалықты араласатындарын белгілеп алады. Бұл оларға осы шешімдеріңіз туралы дөрекі түрде айтып салуды білдірмейді *. Жиі жұбайыңызбен қарым-қатынасыңыз бірінші орында екенін ісіңізбен көрсетуіңізге болады. Мысалы, Жапонияда тұратын Масаюки былай дейді: “Ата-анаңыз көзқарастарын айтып жатса, бірден келісіміңізді бере салмаңыз. Өз отбасыңыз бар екенін ұмытпай, алдымен, жұбайыңыздың ойын біліп алыңыз”.

БЫЛАЙ ЕТІП КӨРІҢІЗ: Жұбайыңыз екеуіңіз қай салада ата-ананың киліккені келіспеушілік тудыратынын анықтап алыңыздар. Бірге отырып, ата-аналарыңызбен қарым-қатынастарыңызға қандай шек қоятындарыңызды және сол шектен шықпаудың жолдарын қарастырыңыздар.

Көп жағдайда ата-енелердің істерінің артында не тұрғанын анықтап, олармен болған келіспеушіліктің жұбайыңыз екеуіңіздің араңызға іріткі салмауын қадағалау арқылы қиыншылықты азайтуға болады. Осыған байланысты Джейн былай дейді: “Кейде күйеуім екеуіміз ата-аналарымыз туралы жай әңгімелесе алмайтынбыз. Олардың кемшіліктері туралы айтқан кезде, бір-бірімізді ренжітіп алатынбыз. Кейіннен біз олардың кемшіліктерін бір-біріміздің бетімізге басуды қойып, проблеманы шешуді үйрендік. Нәтижесінде ерлі-зайыптылар ретінде бір-бірімізге жақындай түстік”.

^ 3-абзац Есімдер өзгертілген.

^ 14-абзац Әрине, егер ата-аналарының жүріс-тұрысы Құдайға ұнамсыз болса, әсіресе бұған еш өкінбесе, бұл жайт олармен қарым-қатынасқа әсер етіп, барыс-келісті азайтуға себеп болуы мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 5:11).

^ 19-абзац Кейде ата-анаңызбен немесе ата-енеңізбен ашық сөйлесуіңіз қажет болуы мүмкін. Ондай қажеттілік туындаса, лайықты құрмет көрсетіп, кішіпейілділікпен сөйлесіңіз (Нақыл сөздер 15:1; Ефестіктерге 4:2; Қолостықтарға 3:12).

ӨЗІҢІЗДЕН БЫЛАЙ ДЕП СҰРАҢЫЗ:

  • Ата-енемнің қандай жақсы қасиеттері бар?

  • Жұбайыммен қарым-қатынасымды бірінші орынға қоя отырып, қалайша ата-анамды құрметтей аламын?