Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | КИЕЛІ КІТАПТА ҚАНДАЙ ХАБАР ЖАЗЫЛҒАН?

Біз қалай пайда болдық?

Біз қалай пайда болдық?

Киелі кітаптың Жаратылыс деп аталатын алғашқы кітабында ғаламымыздың қалай пайда болғаны туралы бірнеше сөзбен былай деп түсіндіріледі: “Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты” (Жаратылыс 1:1). Жан-жануарлар мен өсімдіктерді жаратқаннан кейін, Құдай Адам ата мен Хауа ананы жаратты. Бұл алғашқы адам жұбы жануарлардан өзгеше еді, себебі оларда қандай да бір шамада Құдайдың қасиеттері, сондай-ақ ерік бостандығы болды. Сол себепті олар өз іс-әрекеттеріне жауапты болатын. Олар Құдайдың басшылығына мойынсұнғанда, оның еркіне сай бүкіл адамзаттың түп ата-анасы болып, жер бетінде мәңгілік бойы бейбіт те кемелді өмірдің рақатын көрер еді.

Алайда бір періште өз қалауын жүзеге асыру үшін адамзат баласын қолданған болатын. Осылайша ол “қарсылас” дегенді білдіретін Шайтанға айналды. Шайтан Хауа анаға жылан арқылы сөйлеп, Құдайдың басшылығынсыз-ақ жақсы өмір сүре алатынын айтып, оны алдады. Адам ата мен Хауа ана Шайтанға еріп, Жаратушыларымен қарым-қатынастарынан айырылып қалды. Өздерінің бұрыс таңдауларының кесірінен түп ата-анамыз мәңгі өмір сүру мүмкіндігінен айырылып, бәрімізді күнә, кемелсіздік пен қашып құтыла алмайтын өлімге душар етті.

Көп ұзамай Құдай бұл қайғылы жағдайды түзетуге деген ниетін айтып, Адам атаның ұрпақтарына қайтадан мәңгі өмірге ие болуға шара жасағанын білдірді. Құдай “ұрпақтың”, ерекше бір тұлғаның, Шайтанды біржолата жоятынын әрі Адам мен Хауаның және Шайтанның кесірінен орын алып жатқан барлық қайғы-қасіреттің түбіне балта шабатынын алдын ала айтты (Жаратылыс 3:15). Ол “ұрпақ” кім болу керек? Бұны уақыт көрсетер еді.

Ал Шайтан Құдайдың бұл ниетінің жүзеге асуына кедергі жасауға барынша тырысты. Күнә мен зұлымдық болса жер бетін тез жайлап кетті. Алайда Құдай зұлым адамдарды топан сумен жойып жібермек болды. Сөйтіп, әділ болған Нұх пайғамбарға үлкен кеме соғып, отбасы мен жан-жануарларды соған кіргізіп, аман алып қалуды бұйырды.

Топан судан кейін шамамен бір жыл өткенде, Нұх пен оның отбасы кемеден шығып, зұлымдықтан тазарған жерге аяқ басты. Бірақ “ұрпақ” әлі келмеген еді.

Жаратылыс 1:11-ге, Яһуда 6, 14, 15-ке және Аян 12:9-ға негізделген.