Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | НЕКЕ

Порнография некені бұзады ма?

Порнография некені бұзады ма?

 Әйелі күйеуінің порнография көретінін біліп қойды. Күйеуі болса одан жалбарынып кешірім сұрап, бұдан былай көрмеуді уәде етті. Бірақ біршама уақыттан кейін ол қайтадан ескі әдетіне басты.

 Егер сізде де осындай әдет болса, бұл жұбайыңызға қалай әсер етеді және бұл әдеттен біржола құтыла алу үшін не істей аласыз a?

Бұл мақалада келесі жайттар қарастырылады:

 Мұны білген жөн

 Порнография некеңізді ойран етуі мүмкін. Жұбайы порнография көріп жүргенін білгенде, адамның қатты көңілі қалып, жарына деген сенімі жоғалады b.

 Күйеуі порнография көретін әйел мынадай күй кешуі мүмкін:

  •   Сатып кеткендей сезіну. Сара деген әйел былай дейді: “Күйеуім порнография көргенде, көзіме қайта-қайта шөп салғандай сезінем”.

  •   Түкке тұрғысыз сезіну. Бір әйел күйеуінің порнография көретін әдетінің кесірінен өзін “ұсқынсыз, қорланғандай” сезінеді екен.

  •   Сенуден қалу. “Күйеуімнің әр қадамына күдікпен қарайтын болдым”,— дейді Хелен есімді әйел.

  •   Мазасыз күй кешу. Катрина есімді әйел былай дейді: “Жатсам да, тұрсам да күйеуімнің сол жаман әдеті туралы ойлай беретін болдым”.

 Ойланып көріңіз. Киелі кітапта күйеуі әйелін сүйсін делінген (Ефестіктерге 5:25). Егер күйеуінің кесірінен әйелі жоғарыда айтылған сезімдерді бастан кешіп жатса, күйеуі әйелін сүйгені ме?

 Не істей аласыз

 Порнография көру әдетінен арылу оңай емес. “Менің күйеуім ішімдікті, темекіні және марихуананы тастай алды. Бірақ порнографияны әлі қоя алмай жүр”,— дейді Стэйси есімді әйел.

 Егер сіз порнография көру әдетімен күресіп жүрсеңіз, төмендегі кеңестер одан біржола арылуға көмектесе алады.

  •   Порнографияның өте жаман екенін түсініңіз. Порнография адамның нәпсісін қоздырып, бақытты некеге арқау болатын сүйіспеншілік, сенім, адалдық сияқты қасиеттерді таптайды. Сондай-ақ ол некеге бастама берген Ехоба Құдайды қорлайды.

     Киелі кітап принципі: “Некеге құрметпен қарасын” (Еврейлерге 13:4).

  •   Қолыңызбен істегенді мойныңызбен көтеріңіз. “Әйелім көбірек махаббатын сыйлағанда, порнография көрмес едім”,— демеңіз. Айыпты әйеліңізге төңкере салу дұрыс емес. Әйеліңізбен ренжісіп қалған кезде, соны сылтауратып порнография көріп қоюыңыз мүмкін.

     Киелі кітап принципі: “Әрбір адам өз құмарлығына елігіп, торға түскендіктен сыналады” (Жақып 1:14).

  •   Жұбайыңызбен барынша шыншыл болыңыз. Кевин есімді бір ер кісі былай дейді: “Біз әйелім екеуміз күнде мен порнография көруге азғыратын еш нәрсе көріп қойған жоқпын ба — соны талқылаймыз. Осының арқасында әйелім одан еш нәрсе жасырмайтынымды түсінеді”.

     Киелі кітап принципі: “Барлық жағдайда адал жүріп-тұрғымыз келеді” (Еврейлерге 13:18).

  •   Әрқашан сақ жүріңіз. Әдетімді жеңдім деген күннің өзінде ол бірнеше жылдан кейін қайтадан қылаң беруі мүмкін. Кевин сөзін жалғап былай деді: “Мен он жыл бойы порнография көрмей жүргенмін. Сондықтан бұл әдетімнен толықтай құтылдым деп ойладым. Сөйтсем, бұл әдетім жылан іспетті тығылып, тап беруге қолайлы уақытын күтіп жатыр екен”.

     Киелі кітап принципі: “Кім нық тұрмын деп ойласа, құлап қалудан сақ болсын!” (Қорынттықтарға 1-хат 10:12).

  •   Азғырылғанда, тоқтаңыз. Азғырулардың алдын алу мүмкін емес шығар, бірақ оларға берілу не берілмеу — өз қолыңызда. Егер ойыңызды бірден басқа жаққа бұрсаңыз, қалауларыңыз тез-ақ басылып қалады.

     Киелі кітап принципі: “Әрқайсысың өз тәніңді қасиетті сақтап, қадірлеп, жүгендей біліңдер, ...ашкөздікке, нәпсіқұмарлыққа салынбаңдар” (Салоникалықтарға 1-хат 4:4, 5).

  •   Порнографияға азғыратын жағдайлардан қашыңыз. Бір кітапта былай делінген: “Мұндай жағдайға тап болғаныңыздың өзі сіріңке жаққанмен тең. Енді кішкентай ғана жанармай болса, арты үлкен өртке айналады (“Willpower’s Not Enough”).

     Киелі кітап принципі: “Зұлымдық атаулы маған үстемдік жасамасын” (Зәбүр 119:133).

  •   Үмітіңізді үзбеңіз. Жұбайыңыздың сеніміне қайта кіру үшін ұзақ уақыт, тіпті жылдар кетуі мүмкін. Бірақ көп жұптардың оқиғаларынан көрінетіндей, бұл мүмкін.

     Киелі кітап принципі: “Сүйіспеншілік шыдамды” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4).

a Бұл мақала негізінен күйеулерге арналғанмен, ондағы принциптер порнография көретін әйелдерге де қатысты.

b Кейбір ерлі-зайыптылар “егер бірге порнография көретін болсақ, бұл біздің қарым-қатынасымызды нығайтады” деп жатады. Бірақ бұлай ету Киелі кітап принциптеріне қайшы (Нақыл сөздер 5:15—20; Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5; Ғалаттықтарға 5:22, 23).