Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЖИЫРМА БІРІНШІ ТАРАУ

Ол бойындағы қорқынышпен және күмәнмен күресті

Ол бойындағы қорқынышпен және күмәнмен күресті

1—3. Күндіз Петір қандай кереметтің куәсі болды және түнде ол не нәрсені бастан кешірді?

ТҮННІҢ бір уағы. Петір терлеп-тепшіп ескекпен суды сипай есіп келеді. Бір кезде шығыс жақтағы аспан қара түсін жоғалтып, ашық түске бояла бастады. Сағаттап ескек есіп келе жатқан Петірдің арқасы оттай қызып кеткен. Ғалилея теңізін толғатқан жел оның да шашын желпілдетіп қояр емес. Балық аулайтын шағын қайықтың тұмсығын толқындар соққылап, мұздай су тамшылары бетке қайта-қайта шашырай берді. Петір бар күшін салып, жағалауға асықты.

2 Күндіз ол жолдастарымен Исаның қасында болып, оның жасаған кереметіне куә болды. Иса бірнеше ғана нанмен және балықпен мыңдаған адамды ғажайып түрде тамақтандырған болатын. Бұл кереметтен кейін жұрт оны патша еткілері келді. Бірақ Иса саясатқа мүлдем жоламады. Ол шәкірттерінің де осылай еткенін қалады. Жұрттың арасынан сытылып шыққан соң, Иса шәкірттеріне басқа жағаға жүзіп баруды тапсырды. Ал өзі тауға қарай көтеріліп, оңашада дұға етпек болды (Мар. 6:35—45; Жохан 6:14—17 оқыңыз).

3 Шәкірттер теңізге қайықпен шыққанда, толықсыған ай қақ төбелерінде тұрған еді, ал енді ол батыс жаққа қарай еңкейіп қалыпты. Осы уақыт ішінде олар бірнеше шақырым ғана жүзіп үлгерді. Жел соғып, толқын атып жатқан теңізде бірінің сөзі біріне естілмейді. Ал Петір толқынмен бірге толғанып, ойға шомып кетті.

Екі жылдың ішінде Петір Исадан көп нәрсеге үйренді, бірақ оның үйренері әлі де көп еді

4. Петір қай жағынан бізге тамаша үлгі қалдырды?

4 Петірдің ой елегінен өткізетін нәрселері көп еді. Ол назареттік Исаны екі жылдан бері біледі және осы уақыт аралығында талай жайттың куәсі болды. Десе де оның Ұстазынан үйренері әлі көп-ақ. Петір үйренуге ықыласты болуымен, мысалы бойындағы қорқыныш, күмәнмен күресуге дайындығымен, бәрімізге тамаша үлгі қалдырды. Қазір осы жайында толығырақ білейік.

“Біз Мәсіхті таптық”

5, 6. Петірдің тұрмыс-тіршілігін сипаттап беріңіз.

5 Петірдің Исаны алғаш кездестірген кезі әлі есінде. Мәсіх туралы хабарды ол алғаш рет бауыры Әндірден естіген болатын. Оның “біз Мәсіхті таптық” деген сөздерінен кейін Петірдің өмірі біржола өзгерді (Жох. 1:41).

6 Петір Ғалилея теңізі деп аталатын суы тұщы көлдің солтүстік жағында жатқан Қапарнаум қаласынан шыққан. Ол әйелімен, қайын енесі және бауыры Әндірмен бірге тұратын. Отбасын асырау үшін Петір Әндірмен, Зебедейдің Жақып және Жохан деген екі ұлымен бірге балық аулайтын. Балық аулау ауыр еңбекті, көп күш пен ептілікті талап ететін кәсіп еді. Бұл ер кісілердің екі қайықтың ортасына ау тастап, түскен балықтарды төртеуі қолдасып көтеріп, қайыққа салып жатқанын елестетіп көрейікші. Осылай түні бойы көз ілмей жұмыс істеп шыққан олар күндіз де жағалауда балықтарды іріктеп, жақсыларын сататын. Сосын ауларды тазалап, жыртығын жамап, келесі сапарға әзірлейтін.

7. Петір Иса туралы қандай хабар естіді және бұл жаңалық несімен көңіл толқытарлық еді?

7 Киелі кітапта Әндірдің шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның шәкірті болғаны айтылады. Әндір Жақияның айтқандары жайлы Петірге әңгімелеп бергенде, ол зор ынтамен тыңдаса керек. Бір күні Әндірдің көз алдында Жақия назареттік Исаға нұсқап: “Қараңдар, мынау — Құдайдың Тоқтысы!”— деді. Сонда Әндір бірден Исаға еріп, оның шәкірті болды. Сосын бұл жаңалықты бауырына да айтты (Жох. 1:35—41). Осыдан төрт мыңдай жыл бұрын Едем бағында шыққан бүліктен кейін Ехоба Құдай бір уәде берген болатын. Бұл уәде бойынша, жер бетіне күллі адамзатқа шынайы үміт сыйлайтын Құтқарушы келмек еді (Мұс. 1-ж. 3:15). Әндір дәл осы Құтқарушы Мәсіхті тапты! Мұны естіген Петір де Мәсіхті көруге асықты.

8. Исаның Петірге берген есімінің мағынасы қандай және неге кейбіреулердің ойынша, бұл есім Петірге сай келмейді?

8 Исамен кездескен күнге дейін Петірдің есімі Шимон болған еді. Бірақ Иса оны көргенде: “Сен Жохан ұлы Шимонсың. Бұдан былай Кефа деп аталасың”,— деді (Кефа грекше “Петір”). (Жох. 1:42). “Кефа” сол кезде өте кең қолданылатын сөз болған. Мағынасы — тас, жартас. Иса оны “жартас” деп атауымен Петірдің болашақта не істейтіні жайында пайғамбарлық етсе керек. Ол Петірдің өзге ізбасарлар үшін жартас сияқты мызғымас әрі сенімді тірек болатынын көре білді. Ал Петір өзі жайлы осылай ойлады ма? Әсте, олай ойламаса керек. Бүгінде де кейбір адамдар Інжілді оқығанда, Петір жартастай берік адам емес, қайта, сенім артуға болмайтын тұрақсыз адам болған деген ой түйеді.

9. Ехоба мен Иса біздің бойымыздан нені көреді және неліктен оларға сенім артқанымыз дұрыс?

9 Петірдің кемшіліктері болғаны рас, әрі мұны Иса да жақсы білетін. Алайда Иса Әкесі Ехоба сияқты әрдайым адамның жақсы жақтарына назар аударатын. Ол Петірдің бойындағы жақсы қасиеттерді байқап, оларды дамытуға көмектескісі келді. Ехоба мен оның Ұлы біздің де жақсы жақтарымызға назар аударады. Кейде бойымыздан көп жақсылық табылатынына күмәнданатын кезіміз болатын шығар. Бірақ Ехоба мен Исаға сенім артып, Петір сияқты үйренуге және қалыптасуға ықыласты болуымыз керек (Жоханның 1-хаты 3:19, 20 оқыңыз).

“Қорықпа!”

10. Петір қандай жайттардың куәсі болды, әйтсе де ол не істеді?

10 Петір Исаға бірден еріп, онымен бірге уағыздауға барса керек. Ол Қана қаласында өткен тойда Исаның алғашқы кереметін, суды шарапқа айналдырғанын, көрді. Ал бұдан да маңыздысы, Петір одан Құдай Патшалығы жайлы үміт сыйлайтын тамаша хабарды естіді. Алайда ол Исаны қалдырып, өз кәсібіне оралды. Содан арада бірнеше ай өткен соң, Петір Исамен тағы да жүздесті. Бұл жолы Иса оған өзіне әрдайым еріп жүруді ұсынды.

11, 12. а) Петір қандай ауыр түнді бастан өткізді? ә) Петір Исаның тәлімін тыңдап тұрып, не жайлы ойласа керек?

11 Петір түні бойы ешқандай балық аулай алмаған еді. Балықшылар ауларын суға қанша салса да, бірде-бір балық түспеді. Өз кәсібінің қас шебері болған Петір түрлі тәсілдерді қолданып, балықтардың қоректеніп жатқан жерін табуға қанша тырысса да, мұнысынан түк шықпады. Сол кезде ол басқа балықшылар сияқты “Балық шоғырланған жерді су бетінен көре алсам ғой! Сонда мына ауларды аузына дейін балыққа толтырар едім!” деп ойлаған шығар. Бірақ мұндай ойлар Петірдің еңсесін одан бетер түсіріп жіберсе керек. Себебі бүкіл үй-іші Петірдің қолына қарап отыратын. Сол түні Петір жағаға құралақан оралды. Ол ауларды тазалап отырғанда, қасына Иса келді.

Петір Исаның уағызының басты тақырыбы — Құдай Патшалығы жайлы тыңдаудан ешқашан жалықпаған

12 Исаны тыңдауға қалың жұрт жиналып, оны жан-жақтан қыспақтай бастады. Сонда Иса Петірдің қайығына мініп, одан жағадан сәл әрірек жүзуді өтінді. Сосын қайықта отырып халыққа тәлім бере бастады. Су бетінен Исаның даусы анық шығып тұрды. Петір де жағалаудағы адамдар сияқты, оны ұйып тыңдады. Ол Исаның уағызының басты тақырыбы — Құдай Патшалығы жайлы хабарды тыңдаудан еш жалықпаған. Үміт сыйлайтын осы хабарды шартарапқа жариялауда Исаға қолғабыс ету неткен зор мәртебе десеңізші! Алайда Петір түні бойы теңізде болып, бірде-бір балық аулай алмағанын есіне алса керек. Ол отбасын асырау үшін ауыр еңбек ете жүріп, уағыз ісіне атсалыса алар ма екен? (Лұқа 5:1—3).

13, 14. Иса Петір үшін қандай керемет жасады және бұл Петірге қалай әсер етті?

13 Иса сөзін аяқтаған соң, Петірге: “Терең жерге жүзіп барып, суға ау салыңдар”,— деді. Алайда бір нәтиже көретініне күмәнданған Петір: “Ұстаз, біз түні бойы еңбектеніп, түк ұстаған жоқпыз”,— деді. Ол әлгінде ғана ауларды тазалап қойған еді. Сондықтан оларды, әсіресе балықтар қоректенбейтін уақытта, қайтадан суға салғысы келмесе керек. Десе де ол Исаның сөздерін жерге тастамай, екінші қайықтағы балықшыларға өзіне еруді сұрап белгі берді (Лұқа 5:4, 5).

14 Петір суға салған ауды тартып көргенде, ауыр бір салмақты сезді. Әлі де күмәнданған ол ауды қаттырақ тартып көрді. Қараса, тор аузы-мұрнына сыймай, тыпырлап жатқан балықтарға толы екен! Сонда ол дереу басқа қайықтағы серіктерін шақырды. Олар келгенде, екі қайық та балыққа толды. Балықтың көп болғаны сонша — қайықтар суға бата бастады. Петір өз көзіне өзі сене алар емес! Ол бұдан бұрын да Мәсіхтің кереметтерін көрген, бірақ бұл керемет жеке Петір үшін жасалғандықтан, оған ерекше әсер етсе керек. Оның қасында балықтарды торға өздері келіп түсетіндей ете алатын адам тұрды! Петір қатты қорқып кетті де, Исаның аяғына жығылып: “Ием, қасыңызда болуға лайық емеспін, себебі мен күнәкар адаммын”,— деді. Петір Құдайдың күшін қолдануға билігі бар тұлғаның қасында жүруге өзін лайықсыз сезінсе керек (Лұқа 5:6—9 оқыңыз).

“Ием, мен күнәкар адаммын”

15. Иса Петірдің қорқынышы мен күмәні орынсыз екенін қалай көрсетті?

15 Иса Петірге жұмсақтықпен: “Қорықпа! Бұдан былай адамдарды аулайтын боласың”,— деді (Лұқа 5:10). Расында да, бұл қорқатын не күмәнданатын уақыт емес-тін. Петірдің балық аулау сияқты күйбің тірлікті уайымдауына еш негіз жоқ еді. Оның бойындағы кемшіліктері жайлы ойлап, уағыз ісіне өзін лайықсыз сезінгені де орынсыз болды. Өйткені Иса бүкіл адамзаттың тарихын өзгертетін маңызды іс атқарғалы жатты. Сондай-ақ Иса “жомарттықпен кешіретін” Құдайға қызмет етті (Ишая 55:7). Сондықтан Петір Ехобаның оның рухани да, тәндік те қажеттіліктерін қанағаттандыра алатынына сенімді болуы керек еді (Мат. 6:33).

16. Петір, Жақып пен Жохан Исаның шақыруын қалай қабылдады және олардың шешімдері неге ең дұрыс шешім болды?

16 Петір, Жақып пен Жохан Исаның шақыруын бірден қабыл алды. “Олар қайықтарды жағаға шығарып, бәрін тастап, Исаның соңынан ерді” (Лұқа 5:11). Осылайша Петір Исаға және оны жіберген Құдайға сенетінін көрсетті. Бұл оның өміріндегі ең дұрыс шешім болды. Бүгінде де қорқыныш пен күмәнді жеңіп, Құдайға қызмет ете бастаған мәсіхшілер дәл осындай сенім танытуда. Олар Ехобаға сенім артуды шешкендеріне ешқашан өкінбейтін болады (Зәб. 22:4, 5).

“Неге күмәндандың?”

17. Петір Исаны кездестіргеннен бері қандай оқиғалардың куәсі болды?

17 Петір Исаны кездестіргеннен бері екі жылдай уақыт өтті. Мақаланың басында айтылғандай, ол буырқанған Ғалилея теңізімен жүзіп келеді. Сол сәтте оның қандай жайттарды ой елегінен өткізгенін біз білмейміз. Екі жылдың ішінде талай оқиғалар орын алған болатын. Иса Петірдің қайын енесін сауықтырды, тауда халыққа тәлім берді. Сондай-ақ уағыздауымен және кереметтер жасауымен өзінің Ехобаның Таңдаулысы, яғни Мәсіх, екенін дәлелдеп отырды. Арада айлар өтіп, Петір қорқынышымен, көңіліндегі күмәнмен күресуді үйренді. Иса оны он екі шәкіртінің бірі етіп таңдады. Бірақ кейіннен Петірдің бойында қорқыныш пен күмәннің әлі де бар екені байқалды.

18, 19. а) Петір Ғалилея теңізінде қандай кереметті көрді? ә) Иса Петірдің қандай өтінішін орындады?

18 Төртінші күзетте, шамамен түнгі сағат үш пен таң атқанға дейінгі уақытта, талмай ескек есіп келе жатқан Петір бір нәрсені көріп, қаққан қазықтай тұрып қалды. Судың бетімен бір нәрсе жылжып келе жатқандай болды! Петір бұл айдың жарығына шағылысқан толқындар ма екен деп ойлады. Анықтап қараса, міне ғажап, бір адам су бетімен келе жатты! Бұл адам оларға жақындап келіп, жандарынан өтпек болғандай көрінді. Шәкірттер мұны елес екен деп ойлап, зәре-құттары қалмады. Бірақ әлгі адам оларға: “Батыл болыңдар, бұл менмін! Қорықпаңдар!”— деді. Бұл Ұстаздары Иса еді (Мат. 14:25—28).

19 Сонда Петір оған: “Ием, егер бұл сіз болсаңыз, өзіңізге су бетімен келуге бұйыра көріңіз”,— деді. Ерекше кереметтің куәсі болып, толқып кеткен ол өзі де су бетімен жүріп, сенімін одан сайын нығайтқысы келді. Осылай Петір алғашында батыл әрекет етті. Иса оны шақырғанда, Петір қайықтан шығып, толқып тұрған теңіз бетіне тұрды. Табаны қатты бір еденге тигендей болғанда, ол не сезінді десеңізші! Сосын ол су бетімен Исаға қарай жүре бастады. Сонда оның бойын ерекше бір қастерлі сезім билесе керек. Бірақ көп ұзамай Петір басқа бір сезімге бой алдырды (Матай 14:29 оқыңыз).

“Дауылды көргенде, қорқып кетті”

20. а) Петір не нәрсеге алаңдап қалды және мұның нәтижесі қандай болды? ә) Иса Петірге нені үйретті?

20 Петір Исадан көз алмауы керек еді. Өйткені ол Исаның арқасында су бетінде тұрған болатын. Иса Петірдің өтінішін оның сенімін көргендіктен орындаған еді. Алайда Петір алаңдап қалды. Киелі кітапта оның “дауылды көргенде, қорқып кеткені” жазылған. Буырқанып келіп қайықты соққылап жатқан асау толқындарға көз салғанда, оның зәре-құты қалмады. Бәлкім, ол терең судың құшағына еніп, батып бара жатқанын елестетіп кеткен шығар. Қорқынышы үдеген сайын, оның сенімі әлсірей берді. Сөйтіп, Иса мызғымас жартастай болады деген адам суға ауыр тас сияқты бата бастады. Петір жақсы жүзе алатынын есінен шығарып: “Ием, құтқара көріңіз!”— деп айғайлап жіберді. Сонда Иса дереу қолын созып, оны судан шығарып алды. Иса оған: “Сенімі аз-ау, неге күмәндандың?”— деп маңызды нәрсеге үйретті (Мат. 14:30, 31).

21. Неге күмәндану өте қауіпті және онымен қалай күресе аламыз?

21 Иса Петірдің жүрегінде күмән бар екенін көрді. Күмәннің жойқын күші бар. Оған бой алдыратын болсақ, сеніміміз бірте-бірте әлсіреп, ақырында күйреуі мүмкін. Сондықтан күмән, күдік сезімімен күресіп отыру керек. Егер қандай да бір жайттың бізді Ехоба мен Исадан алаңдатуына, қорқытып, жігерімізді жасытуына жол берсек, бойымыздағы күмән өрши түседі. Сол себепті дұрыс нәрсеге, Ехоба мен Исаның біздің игілігіміз үшін бұрын істеген, қазір істеп жатқан әрі болашақта істейтін істеріне назар тігуіміз қажет. Сонда сенімімізді тоттай кеміретін күмәнға бой алдырмаймыз.

22. Неліктен Петірдің сенімі үлгі етуге тұрарлық?

22 Иса мен Петір қайыққа мінгенде, дауыл басылып, жым-жырт тыныштық орнады. Сонда Петір қайықтағы шәкірттермен бірге: “Сіз шынымен де Құдайдың Ұлысыз!”— деп дауыстады (Мат. 14:33). Болған оқиғадан кейін Петірдің жүрегі ризашылыққа толса керек. Ол қорқыныш пен күмәнға бой алдырмау керектігін жақсы түсінді. Петірге берік жартастай болуы үшін көп нәрсеге үйрену қажет болды. Десе де ол барынша күш салып, сенімін нығайта беруге бел буды. Сіз де осылай етуге бекіндіңіз бе? Бұл орайда сенімі берік Петірдің мысалы жақсы үлгі болып табылады.