Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Қалай арықтасам болады?

Қалай арықтасам болады?

 Маған шынымен де арықтау керек пе?

 Жасөспірімдердің кейбірі “арықтауым керек” деп жатады. Бірақ, шындап келгенде,..

  •   Көбісі денсаулықтарынан гөрі сыртқы келбеттерін көбірек ойлайды. Олар тез салмақ тастаудың амалын іздеп, уақытында тамақ жемей, аш жүреді немесе арықтататын дәрілер іше бастайды. Алайда мұндай тәсілдерден әдетте түк шықпайды. Тіпті ағзаға зияны тиіп жатады.

     “Кейде қыздар тез арықтау үшін аш жүреді, соның кесірінен денсаулықтарын құртып алады. Кейін ұзақ уақыт бойы қалпына келтіре алмай жүреді“ (Хейли).

  •   Негізінен, олардың көбісіне салмақ тастаудың мүлдем қажеті жоқ. Олар өздерін құрбы-құрдастарымен, желідегі мүсіні “мінсіз“ деп есептелінетін ап-арық модельдермен салыстырып, соларға ұқсағысы келеді.

     “13 жасымда мен өзімді құрбыларыммен салыстыратынмын. Егер солар сияқты шидей болсам, оларға ұнаймын деп ойлайтынмын” (Паола).

 Десе де кейбір жасөспірімдерге шынымен де артық салмақтан арылу керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше:

  •   бүкіл әлем бойынша 5—19 жас аралығындағы 340 миллиондай жасөспірімнің артық салмағы бар;

  •   1975 жылы 5—19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 4 пайызының артық салмағы болса, 2016 жылы олардың саны 18 пайызға дейін жетті;

  •   дүниежүзіндегі елдердің көбісінде салмағы жетіспейтін адамдардан гөрі артық салмақты адамдар көбірек;

  •   семіздік дамушы елдерде де көп кездеседі, тіпті нәрлі тамақты жеткілікті мөлшерде жемейтін отбасыларында да бұл проблема бар.

 Салмақ тастаудың ең дұрыс жолы қандай?

 Сен қайсысын таңдайсың?

  1.   Тамақ жемей қою.

  2.   Жаттығу жасап, дұрыс тамақтану.

  3.   Арықтататын дәрілер ішу.

 Дұрыс жауабы: 2) Жаттығу жасап, дұрыс тамақтану.

 Егер тамақ жемей қойсаң немесе кейбір тамақтардан мүлдем бас тартсаң, тез-ақ нәтижеге қол жеткізетін шығарсың. Бірақ бұл денсаулыққа зиян. Уақыт өте бұрынғыдай тамақ жей бастағанда, қайтадан салмағың баяғы қалпына келуі мүмкін.

 Ал егер мақсатың қалай да арықтау емес, денсаулығыңды жақсарту болса, келбетің де әдемі болады, өзіңді де жақсы сезінесің. Майкл Брэдли деген психолог былай дейді: “Ең қауіпсіз, ең пайдалы жолмен арықтап, нәтижесін ұзақ уақыт көру үшін өмір салтыңды өзгертіп, соны өмір бойы ұстана алуың керек a”. Демек, егер арықтағың келсе, қандай диетаға отырамын деп емес, салауатты өмір салтын қалай ұстансам болады деп ойланғаның жөн.

 Не істесем болады?

 Киелі кітапта “барлық жағынан байсалды” болуымыз керектігі айтылған. Бұл тамақ ішуге де қатысты (Тімөтеге 1-хат 3:11). Онда мешкей болмауымыз керектігі де нақты айтылған (Нақыл сөздер 23:20; Лұқа 21:34). Осы принциптерді ескере отырып, салауатты өмір салтына көшу үшін былай етіп көр:

  •   Дұрыс тамақтануға не жататын біліп ал.

     Бұл мәселеге басыңмен кіріп кетудің қажеті жоқ, бірақ дұрыс тамақтану жайлы кішкене біліп алғаныңның пайдасы зор. Дұрыс тамақтануды әдетке айналдыру — дене салмағын қалыпта ұстаудың ең жақсы жолдарының бірі.

  •   Жүйелі түрде жаттығу жаса.

     Күнделікті көбірек қимыл-қозғалыс жасаудың амалын ізде. Мысалы, лифтінің орнына баспалдақпен көтеріліп-түссең болады. Бейнеойындар ойнап не телефон шұқылағанша, далаға шығып, жарты сағат жылдам жүріспен жүріп қайт.

  •   Зиянды емес, пайдалы тағамдар же.

     София деген қыз былай дейді: “Жүрек жалғап алу үшін мен өзіммен бірге жеміс-жидек не көкөніс алып жүремін. Соның арқасында зиянды, құнарсыз тамаққа қолым жүгірмейді”.

  •   Тамақты асықпай іш.

     Кейбіреулер тамақты тез-тез жегендіктен, тойғандарын білмей жатады. Сондықтан тамақты асықпай іш. Тағы барып тамақ алмас бұрын кішкене күте тұр. Сонда тойған-тоймағаныңды түсінесің.

  •   Қанша калория жейтініңді қадағалап отыр.

     Азық-түліктің қаптамасына қарап, оның калориясы қанша екенін біліп алсаң болады. Мысалы, тәтті сусындарда, фаст-фудта, тәтті-пәттіде калория көп болады және олардан адам тез толады.

  •   Шектен шығып кетпе.

     16 жасар Сара былай дейді: “Бір кездері мен жатпай-тұрмай калория санайтын болып кеттім. Тәрелкеме қарағанда, тамақты емес, сандарды көретінмін!” Бар ойың калория санауда болмасын. Ара-тұра өзіңе ерік беріп, калориясы көп тағамдарды жеп тұрсаң болады.

 Кеңес: салмақ тастау туралы дәрігеріңмен сөйлесіп көр. Ол денсаулығыңды ескере отырып, сенің жағдайыңда салауатты өмір салтын қалай ұстануға болатынын айтып береді.

a “When Things Get Crazy With Your Teen” кітабынан.