Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Балағаттауға болмай ма?

Балағаттауға болмай ма?

“Балағат сөздерді күнде естіп жүргендіктен оған құлақ етім әбден үйреніп кетті. Оған назар аудармайтын болдым” (Кристофер, 17 жас).

“Бұрын мен балағат сөздерді көп айтатынмын. Бұл бір үйрену оңай, ал арылу қиын әдет болып кетті” (Ребекка, 19 жас).

 Тест

  •   Басқалардың балағаттап жатқаны саған қалай әсер етеді?

    •  Тіпті байқамай қаламын, бұл маған кәдімгі нәрсе сияқты.

    •  Біртүрлі болып қаламын, бірақ ештеңе етпейді.

    •  Құлағыма түрпідей тиеді, бұл дұрыс емес деп ойлаймын.

  •   Өзің жиі балағаттайсың ба?

    •  Жоқ, аузым бармайды

    •  Кейде болып қалады

    •  Иә, жиі

  •   Сеніңше, бұл көтеруге тұратын мәселе ме?

    •  Қажеті жоқ сияқты

    •  Иә, көтеру керек

 Бұл қаншалықты маңызды?

 Балағаттауды өзекті мәселе деп қарастырасың ба? Бәлкім, сен: “Жоға, өмірде бұдан да маңыздырақ мәселелер бар ғой. Оның үстіне, бүгінде екінің бірі балағаттайды!”— дейтін шығарсың. Бірақ бұл шынымен солай ма?

 Бәрі біле бермейтін шығар, бірақ бүгінде балағат сөздерді аузына алмайтын адамдар аз емес. Олардың бұлай етуіне келелі себептері бар. Қандай? Қазір солардың кейбірін қарастырып көрейік. Бәлкім, сен бұлар жайлы ешқашан ойланып көрмеген шығарсың.

  •  Балағат сөздер сенің қандай адам екеніңді көрсетеді. Сенің аузыңнан шыққан сөздер жан дүниең қандай екенін көрсетеді. Мысалы, аузыңнан былапыт сөздер шықса, бұл сенің өзгелердің сезіміне қол сілтеп қарайтыныңды көрсетеді. Сен шынымен сондай адамсың ба?

     Киелі жазбаларда: “Адамның аузынан шығатындары жүректен шығады”,— делінген (Матай 15:18).

    Балағаттау ауаны ластаумен тең. Өзіңнің де, өзгенің де тынысын тарылтып қайтесің?

  •  Басқалар сен жайлы жаман ойлап қалуы мүмкін. “Аңдап сөйлеу” деп аталатын бір кітапта былай делінген: “Біздің сөйлеу мәнерімізге көп нәрсе байланысты. Мысалы, бізбен кімнің дос болатыны, үй ішіндегілер мен әріптестердің алдындағы беделіміз, басқалармен қарым-қатынасымыз не оларға қаншалықты әсер ете алатынымыз, жұмысқа орналасуымыз бен жоғарылауымыз, бөтен адамдардың бізге қалай қарайтыны және тағы сол сияқтылар. “Балағат сөз айтпасам, басқалармен қарым-қатынасым жақсырақ болар ма еді?” деп ойланып көр”.

     Киелі кітапта мынадай өсиет жазылған: “Қорлық сөздерден... арылыңдар” (Ефестіктерге 4:31).

  •  Балағат сөздерді қосып айтсам, мықты болып көрінемін деп алданба. Алекс Пакер есімді философия ғылымының докторы “Не деген дөрекілік!” деп аталатын кітабында былай дейді: “Балағат сөздерді үнемі қосып сөйлейтін адамды тыңдаудан жалығасың”. Сондай-ақ ол кісінің айтуынша, адамның екі сөзінің бірі балағат болса, терең түсінік, ұшқыр ой, ақыл-парасат және жанашырлық деген сияқты нәрселерге орын қалмайды. Сөзің анық болмаса және дұрыс әрі әдемі сөйлеуге ерінсең, ой-өрісің де соған сай болады.

     Киелі жазбаларда: “Ауыздарыңнан шіріген емес, тек жақсы сөз шықсын”,— делінген (Ефестіктерге 4:29).

 Не істеуіңе болады?

  •  Мақсат қой. Неге бір ай не одан аз уақыт ішінде былапыт сөз айтпауға тырысып көрмеске? Жетістіктеріңді кестеге не күнтізбеге жазып жүрсең болады. Бірақ алған бетіңнен қайтпау үшін тағы бірнеше қадам жасауың қажет. Мысалы:

  •  Санаңды былапыт сөздермен улайтын нәрселерден аулақ бол. Киелі жазбаларда: “Жаман орта жақсы әдеттен айырады”,— делінген (Қорынттықтарға 1-хат 15:33). “Жаман ортаға” тек адамдар ғана кірмейді. Оған кино, видео ойындар мен музыка да жатады. 17 жасар Кеннет деген жігіт былай дейді: “Әннің ырғағы құлаққа жағымды болса, оған оп-оңай қосылып айтып кетесің. Мұндайда мәтіндегі өрескел сөздерге көз жұма салуың мүмкін”.

  •  Өзіңді ақыл-ойы толысқан адам ретінде көрсет. Кейбір адамдар бейәдеп сөздерді ересек болып көріну үшін айтады. Бірақ, шын мәнінде, бәрі керісінше. Киелі кітапта жазылғандай, ақыл-ойы толысқан адам “түйсіну қабілетін қолдану арқылы машықтандырып, жаман мен жақсыны ажырата алады” (Еврейлерге 5:14). Олар өзгелерге “әсер қалдыру” үшін ұстанымдарынан аттап кетпейді.

 Тұрпайы сөздер әдепсіз ойларға бастау беріп, сананы улайды. Бүгінде ондай сөздер жетіп артылады! Сондықтан жоғарыда келтірілген “Аңдап сөйлеу” деген кітапта келесідей кеңес беріледі: “Қоқысты көбейтіп қайтесің. Қайта, тазалық сақтауға үлес қос. Осылай өзіңе деген қадір-құрметің артады, өзгелердің алдында да абыройлы боласың”.