Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Зеріксем не істеуге болады?

Зеріксем не істеуге болады?

Кейбіреулер үшін жаңбырлы күні істейтін іс, баратын жер таппай, үйде қамалып отырғаннан жаманы жоқ. Роберт есімді бозбала: “Мұндай кездері не істерімді білмей, зерігіп кетемін”,— деді.

Сен де өзіңді осылай сезінген болсаң, бұл мақала сен үшін!

 Нені білгенің жөн?

  • Электронды құрылғылардың көмегі шамалы.

    Интернет шарласаң, уақыт байқалмай өтіп кетер, бірақ бұл ой-қиялыңды тежеп, одан сайын зеріктіріп жібереді. “Миыңды еш жұмыс істетпей, құр экранға қадалып отыра бересің”,— деді 21 жастағы Джереми.

    Элина есімді қыз оның сөздеріне толықтай қосылады. “Электронды құрылғыларды ермек етудің пайдасы шамалы. Ол сені шын өмірден алыстатып жіберетіні сонша — құрылғыңнан бас көтергенде, өмірің одан сайын іш пыстырарлық болып кетеді!”— дейді ол.

  • Бәрі көзқарасқа байланысты.

    Істейтін тірлігіңнің көп болғаны еш зерікпейсің дегенді білдіре ме? Бұл айналысып жатқан ісіңе қаншалықты қызығатыныңа байланысты. Мысалы, Карен деген қыз былай деп есіне алды: “Мектепте оқығанда, істейтін іс басымнан асса да, бәрібір ішім пысатын. Зерікпеу үшін айналысып жатқан ісіңе зейін салып, қызығуың керек”.

Біле жүр: Айналысарға іс таппай зеріккен уақыт — тығырық емес, шығармашылық қабілетті арттыруға жағдай жасайтын мүмкіндік.

Еншіңдегі уақыт құнарлы топырақ іспетті: ол шығармашылық қабілеттеріңді арттыруға қолайлы жағдай жасайды

 Сен не істей аласың?

Әртүрлі нәрселерге қызығушылық білдір. Жаңа достар, жаңа хобби тап. Жаңа нәрселерді оқып-біл. Көп нәрсеге қызығатын адам жалғыз қалғанда іші пыспайды, өзгелердің де ішін пыстырмайды!

Киелі кітап кеңесі: “Қандай істі қолға алсаң да, оны барыңды салып істе” (Уағыздаушы 9:10).

“Мен жақында қытай (мандарин) тілін үйренуді қолға алдым. Күнделікті сөйлеп жаттыққан сайын, маған осы нәрсе жетіспей келгенін түсіндім. Қазір алдыма мақсат қойып, соған қол жеткізгенді ұнатамын. Осылай әрдайым бірдеңемен айналысып, уақытымды дұрыс пайдалана аламын” (Мелинда).

Мақсатыңды назарда ұста. Қандай да бір іспен не үшін айналысып жатқаныңды түсінсең, оған деген қызығушылығыңды арттыру оңай болады. Мақсатыңды жақсы білсең, тіпті мектеп тапсырмаларының өзінен жалықпайсың.

Киелі кітап кеңесі: “Адам баласы үшін... бейнетінің зейнетін көріп, рақаттанудан артық ештеңе жоқ” (Уағыздаушы 2:24).

“Кезінде сабағымды оқымағандықтан, мектеп бітірер алдында күніне 8 сағаттан оқуға тура келді. Бар зейінім оқуда болғандықтан, зерігу дегенді білген жоқпын. Мектепті жақсы бітірсем деген мақсатым мені алға сүйрелеп отырды” (Ханна).

Өзгерте алмайтын жайттар бар екенін мойында. Тіпті өте қызықты деген істердің іш пыстырарлық тұстары болады. Кейде жақын достарың келіскен жоспарларыңды бұзғанда, немен айналысарыңды білмей қалуың мүмкін. Осындай кезде көңілің түсіп отыра бермей, оң көзқарас сақтауға тырыс.

Киелі кітап кеңесі: “Көңілді жанның әр күні той-думан” (Нақыл сөздер 15:15).

“Бір құрбым жалғыз қалған сәттерден де қуаныш табуды үйрен деді. Ол өзгелермен бірге уақыт өткізу мен жалғыз қалуды тең ұстай білу әрбір адам үшін таптырмас өнер екенін айтты” (Айви).