Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Эмоциялық жағынан қажып кетпес үшін не істеуге болады?

Эмоциялық жағынан қажып кетпес үшін не істеуге болады?

Қатты шаршағаннан күш-жігерің таусылуға шақ қалды ма? Солай болса, осы мақала сен үшін жақсы көмек болады.

 Қажудың себептері

  • Мойныңа көп істің жүктелуі. “Қайда жүрсең де, айналаңдағы адамдар “ісіңді тиянақты орында, адамгершілікке ұмтыл, үлкен мақсаттар қойып, соларға қол жеткіз” деп талап етеді. Мұндай қыспаққа шыдау өте қиын” (Джули, 21 жаста).

  • Техника. Смартфон, планшет не басқа да құрылғылар арқылы адамдар сенімен күн демей, түн демей байланыса алады. Бұл стреске ұшыратуы, ал уақыт өте қажытып жіберуі мүмкін.

  • Ұйқының қанбауы. “Көп жастар мектепке не жұмысқа бару үшін ерте тұрады, көңіл-көтеремін деп кеш жатады. Осылай шыр көбелек айналып жүреді”,— дейді 24 жасар Миранда. Бұл адамды эмоциялық жағынан қажытып, зорықтырып жібереді.

 Жеңіл-желпі қарама

Киелі кітап бізді еңбекқорлыққа шақырады (Нақыл сөздер 6:6—8; Римдіктерге 12:11). Бірақ бұл бас көтермей жұмыс істеп, барлығын, тіпті денсаулығыңды да сарп етуің керек дегенді білдірмейді.

“Бірде істерімнің көп болғаны сонша — күні бойы аш жүргенімді байқамай қалыппын. Содан шама-шарқыма қарамай барлық жұмысқа келісе бермеуім керектігін түсіндім” (Эшли, 25 жаста).

Киелі кітапта: “Өлі арыстаннан гөрі тірі ит артық”,— деп бекер айтылмаған (Уағыздаушы 9:4). Бір дегенде көп жұмысты істеп жатқаныңа қарап, басында “күшім көп екен ғой” деп алданарсың. Бірақ уақыт өте күшің таусылып, денсаулығыңа ауыр зақым келуі мүмкін.

 Былай істеп көр

  • “Жоқ” деуден ұялма. Киелі кітапта: “Қарапайымдарға даналық тән”,— делінген (Нақыл сөздер 11:2). Қарапайым адам өз шамасын біледі, сондықтан күші мен уақыты жетпейтін істерді атқаруға тырыспайды.

    “Жоқ” деп айта алмайтын, кез келген жұмысқа келісе беретін адамның қатты шаршап, қажып кетуі оңай. Ондай адамды қарапайым дей алмайсың. Ертелі-кеш, оның күш-жігері таусылады” (Джордан, 24 жаста).

  • Жақсылап тынық. Киелі кітапта: “Тынымсыз еңбектеніп, желдің соңынан қуғанша, азырақ тынығып алған артық”,— деп жазылған (Уағыздаушы 4:6). Ұйқы “миға қажетті азық” болып табылады, сондықтан адамның 8—10 сағат ұйықтауы қажет. Бірақ көп жасөспірімдер олай етпейді.

    “Бұрын күн тәртібім тығыз болғанда, аз ұйықтайтынмын. Бірақ кейіннен бір сағатқа көбірек ұйықтасам, әлдеқайда көп іс тындыра алатынымды көрдім. Бұған қоса, көңіл-күйім де жақсы болады екен” (Бруклин, 19 жаста).

  • Жақсы жоспар құр. “Ынталының жоспарлары табысқа жетелер”,— деп жазылған Киелі кітапта (Нақыл сөздер 21:5). Уақытың мен істеріңді қазірден бастап дұрыс жоспарлауды үйренсең, бұл келешекте саған көп пайдасын тигізеді.

    “Жоспарыңды жазып отырсаң, көп стреске ұшырамайсың. Себебі жоспарың көз алдыңда болса, зорығып кетпес үшін қандай істерден бас тарту керектігін анықтай аласың” (Ванесса, 22 жаста).