Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Темекі мен вейп жайлы нені білгенім жөн?

Темекі мен вейп жайлы нені білгенім жөн?

 “Мен тұратын жерде 25 жасқа дейінгі жастардың арасында темекі не вейп шегіп көрмеген адам жоқ шығар” (Джулия).

Бұл мақалада:

 Нені білген жөн?

  •   Темекі адамды өлімге душар етеді. Никотин — темекінің құрамындағы негізгі улы зат. Ол адамның бойында тәуелділік тудырады. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының айтуынша, “табак өнімдері адамдардың ауруға шалдығуына, уақытына жетпей өлуіне себепкер болып отыр”.

     “Мен УЗИ жасайтын жерде жұмыс істегендіктен, темекінің адамдарға қалай әсер ететінін жақсы білемін. Кезінде темекі шеккен адамның қантамырларын май басып қалатынын көргенде, шошып кеттім. Мен өз тәнімді құрметтейтін адаммын, неліктен оны темекімен улауым керек екен?!” (Тереса).

     Білгенсің бе? Темекінің құрамында 7000-ға жуық химиялық зат бар, олардың басым бөлігі улы заттар. Темекі жыл сайын миллиондаған адамды өлімге душар етіп жатыр.

  •   Вейперлер химиялық қоспасы бар буды жұтады. Зерттеушілердің айтуынша, вейп немесе басқа да электронды шылымдар адамның өкпесін зақымдап, оны өлімге душар етеді. Негізі, кәдімгі темекі сияқты вейптің де құрамында никотин бар. Электронды темекі жайлы фактілер келтірілген бір мәліметте айтылғандай, никотин тәуелділік тудыратындықтан, “жастар есірткінің басқа да түрлеріне тәуелді болып қалулары мүмкін”.

     “Вейптің құрамына кәмпит, шиенің дәміне ұқсас хош иістендіргіштер қосылады, олардың иісі, әсіресе, балалар мен жасөспірімдерді еліктіреді. Сондықтан олар у жұтып жатқандарына мән бермейді” (Миранда).

     Білгенсің бе? Электронды темекінің сұйықтығы — жай ғана су емес. Оның құрамында өкпені зақымдайтын әртүрлі улы токсиндер бар.

 Темекі мен вейптің қауіптері

  1.  1. Ақыл-сананың зақымдануы, әсіресе есейіп келе жатқан балалардың зейін қою қабілеті мен көңіл-күйлерінің бұзылуы

  2.  2. Қызыл иек пен ауыз қуысының қабынуы

  3.  3. Өкпенің созылмалы қабынуы мен жүрек ауруы

     Демікпе ауруы

     Асқазан ауруы мен жүрек айнуы

 Не істей аласың?

  •   Ақ-қарасын айыра біл. Естіген нәрселеріңнің бәріне сене берме. Мысалы, “вейптің еш зияны жоқ, қайта, стресті шығарады” деген сөздерге алданып қалма. Өзің ізденіс жасап, дәлелденген фактілерге негіздеп шешім қабылда.

     Киелі кітаптың кеңесі: “Аңғал әрбір сөзге сенеді, Парасатты әр қадамын ойлап басады” (Нақыл сөздер 14:15).

     “Танымал жұлдыздар, құрдастарың темекіні, вейпті қанша жерден көңіл көтерудің зиянсыз түрі қылып көрсетпесін, олардың тигізетін кесірі жайлы ойлансаң, олай емес екенін түсінесің” (Эван).

     Ойланып көр. Темекі, вейп шегетін жастар шынымен де бақыттырақ болып кетті ме? Бұл оларға қазіргі, болашақта кезігетін проблемаларын шешуге көмектесе ме? Әлде, керісінше, проблемаларына проблема қосып жатыр ма?

  •    Стреспен күресудің тиімді жолдарын ізде. Стресті шығарудың жақсы жолы — салауатты өмір салтын ұстану. Мысалы, жаттығу жасап, кітап оқуға немесе сені қолдап, демейтін достармен араласуға болады. Сонда ойыңды жақсы жаққа бұрасың әрі сені темекіге тартпайтын болады.

     Киелі кітаптың кеңесі: “Сарыуайым жүректі күйзелтеді, Жақсы сөз оны шаттыққа толтырады” (Нақыл сөздер 12:25).

     “Адамдардың ойынша, темекі мен вейп стресті жақсы шығарады. Бірақ олар, ары кетсе, аз ғана уақытқа стресіңді азайтады, ал кесірі өмір бойына жалғасуы мүмкін. Стресс шығарамын десең, басқа да жақсырақ тәсілдер жеткілікті” (Анджела).

     Ойланып көр. Стреспен жақсырақ күресу үшін сен не істей аласың? Осы орайда “Жастардың сауалдары” деген санаттағы “Қалай уайымға салынбауға болады?” деген мақала жақсы көмектеседі.

Стресті тәуелділік тудыратын заттармен шығару жаңбырдан қашу үшін мұхитқа секірумен тең, бұл өміріңді одан сайын қиындатады!

  •    Құрдастарыңның қысымына қарсы тұруға дайын бол. Кейде сені сыныптастарың қыспаққа алса, кейде қысым тіпті көңіл көтеру түрінен де келуі мүмкін. Мысалы, фильмдер, шоулар, әлеуметтік желілер темекі, вейп шегуді күшті, қызық қылып көрсетеді.

     Киелі кітаптың кеңесі: Рухани толысқан адам “түйсіну қабілетін қолдану арқылы машықтандырып, жаман мен жақсыны ажырата алады” (Еврейлерге 5:14).

     “Мектепте оқып жүргенімде сыныптастарымның көбісі темекі, вейп шекпейтінім үшін мені құрметтейтін. Өз позициямды анық етіп айтқаннан кейін олар тіпті мені қорғап сөйлейтін болды. Қанша жерден біртүрлі естілмесін, өз ұстанымыңды анық етіп айтсаң, бұл саған қорғаныш болады” (Анна).

     Ойланып көр. Сен құрдастарыңның қысымына қаншалықты қарсы тұра аласың? Солай еткен кездерің болған ба? Осы жағынан көмек қажет болса, “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” кітабының 2-томының (ор.) 15-тарауындағы “Құрдастардың қысымына қарсы тұру жоспарын” қара.

  •   Достарды дұрыс таңда. Өзіңдікі сияқты көзқарасты ұстанатындармен дос болсаң, темекі, вейп шегуге онша азғырылмайсың.

     Киелі кітаптың кеңесі: “Данамен жолдас болған дана болар, Наданмен жолдас болған пәлеге қалар” (Нақыл сөздер 13:20, “Жаңа өмір” баспасы).

     “Ұстамды, таза жүріп-тұратын адамдармен дос болудың пайдасы зор. Олардың өмірлері жақсарып жатқанын көргенде, сен де солар сияқты болуға ұмтыласың” (Калвин).

     Ойланып көр. Ең жақын достарың салауатты өмір салтын ұстанып жүргеніңді қолдай ма, әлде, керісінше, сені айнытуға тырыса ма?

 Марихуана жайлы не деуге болады?

 Көптің ойынша, марихуананың еш зияны жоқ. Бұл барып тұрған өтірік!

  •   Марихуана тәуелділік тудырады. Зерттеулерге сай, марихуана адамның миына оңалмастай зақым келтіреді әрі IQ-ін (зияткерлілік коэффициентін) де төмендетіп тастауы мүмкін.

  •   АҚШ-тағы бір мекеменің жүргізген зерттеулеріне сай, “марихуана шегетін адамдардың өзгелермен қарым-қатынасы нашар, білім деңгейі төмен болады, карьераларында жетістікке жетпейді әрі өмірден қанағат алмайды” (“Substance Abuse and Mental Health Services Administration”).

     “Көбінесе мен стрестен құтылу үшін марихуана шеккім келетін. Бірақ кейін оның тәуелділік тудыратынын, оған қанша ақша кететінін және денсаулығымды құртатынын ойлағанымда, марихуана шегу тек өмірімді қиындататынын түсіндім” (Джуда).